Түркістан облысында алғаш рет мәйіттік донордың ағзасын алып, мұқтаж адамға салу отасы сәтті өтті. Трансплантация тараздық тұрғын, 6 баланың әкесі Дархан Оспановқа жасалды.
Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында жасалған трансплантациялық ота 2 сағатқа созылды.
Дәрігерлер донордың бүйрегі еліміздегі үш адамға сай келгенінен, бірақ дәл осы науқастың сәйкестігі басым болғанын айтады. Мұндай ота Түркістан облысында алғаш рет жасалып отыр.
«Қазіргі жағдайда науқастың жағдайы тұрақты, наркоздан толығымен оянды. Салынған бүйрек толығымен жұмыс істеп тұр. Қазір екі литрден астам зәр шығып отыр. Бұл дегеніміз бүйрек өз жұмысын орындап денеден барлық улы заттарды шығаруда. Болашақта бүйрек дәл осылай дұрыс жұмысын атқаруын жалғастырса, науқасқа гемодиалез мүлдем қажет болмайды», — дейді Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков.
Рецепиенттің жұбайы Перизат Әбдраимова күйеуіне бүйрегін беруге 1 айдан бері дайындалып, анализ тапсырып жүрген. Беларусь Республикасында бүйрек ауыстыру отасын жасауға 30 млн теңгеден астам ақша сұраған көрінеді. Дәрігерлер алты баланың әкесі Дархан Оспановқа хабарласып, «сізге донор табылды» деп айтқанда олар бұған сенбепті. Кейін жергілікті дәрігер хабарласып, растаған соң, бірден заттарын жинап, жолға шыққан.
«Анализ келгенше осы клиниканың алдында қондым. Алладан қатты тіледім. Бізге бұйырды. Жүрегіммен сездім. 3-4 адамды шақырды. Кімдікі сәйкес келеді екен деп үлкен үмітпен күтіп отырдық. Кеше сағат екі жарымда қорытындысы келгеннен кейін дәрігер бәрімізді шақырып, кімдікі қанша пайыз сәйкес келетінін айтты. Бірден операцияға алып кетті», — дейді науқастың жұбайы Перизат Әбдраимова.
Мәйіттік донордың ағза мүшесін алып, мұқтаж адамдарға салу Түркістан облысында алғаш рет жасалып отыр.
Дәрігерлер 18 жасар жігіттің екінші бүйрегін Астанаға жіберіп, 16 жасар балаға салды. Ал, бауыры Алматы қаласының тұрғынына бұйырса, жүрегі 58 жастағы шымкенттік ер адамға салынды.