Қызылорда облысында 24 пәтер ұрлығына қатысы бар адамдар тобы құрықталды, деп хабарлайды Paryz.kz.
«ІТ TERGEU» жобасы аясында прокуратураның үйлестіруімен қызылордалық жедел уәкілдер үйлерге ұрлыққа түсуді табыс көзіне айналдырып келген адамдар тобын құрықтады. Аталған топ Шиелі ауданында кезекті пәтер ұрлығын жасап, «ізін суытпақ» болған кезде қолға түсті», - деп хабарлады ПД.
Құрықталған үш күдіктінің бірі Абай облысының тұрғыны болса, екіншісі Ақмола облысының тұрғыны екені белгілі болды. Тергеу барысында олар үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, пластик терезелерді күшпен ашып, үй ішіне заңсыз кіріп, ақша, құндыз тон, техника мен алтын бұйымдарды ұрлаған.
«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жәбірленушілерге тиесілі алтын бұйымдар мен өзге де айғақ заттар заттай дәлелдеме ретінде алынды. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы – 14 млн теңге», - деді полиция.
Күдіктілер қамауға алынды. Облыс аумағында 24 пәтер ұрлығын жасағаны анықталып, өзге де ұқсас фактілерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.