Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Төбесі опырылып құлады": Боралдайда 7 жыл салынған жерасты жолы биыл аяқталады

"Бұл - "Күйік асуы" секілді "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" трассасының ең қауіпті тұсы", - дейді сала мамандары.

"Төбесі опырылып құлады": Боралдайда 7 жыл салынған жерасты жолы биыл аяқталады
фото: ernur.kz

Түркістан облысында жеті жыл бойы салынып жатқан жерасты автожолының құрылысы қыркүйекте аяқталады. Құрылысшылар бүгінде Боралдай тауын індете қазып, бір-біріне қарсы бетте екі тоннель салған, деп хабарлады ҚазАқпарат.

"Жол активтері ұлттық сапа орталығы" Түркістан облыстық филиалының мәліметінше, құрылыс жүргізіп жатқан мердігер мекеме бүгінде жерасты жолын толықтай гидроизоляциялық материалмен қымтауда. Cондай-ақ, Шымкент қаласы мен Жамбыл облысы шекарасындағы Шақпақ ата ауылының тұсындағы жолды арматурамен тоқып, бетонмен қаптауда.

Тоннельдің жалпы ұзындығы - 840, ені - 13, биіктігі - 9 метр. Жерасты жолының басы Түлкібас ауданынан басталып, Жамбыл облысы территориясынан бір-ақ шығады.

"Жерасты жолы бұл жерге бекерден-бекер салынып жатқан жоқ. Бұл - "Күйік асуы" секілді "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" трассасының ең қауіпті тұсы. Тау жоталарының арасы үнемі азынап тұрады. Үскірік жел жеңіл көлік түгіл, ауыр техникаларды да бел ортасына дейін көміп тастайды. Тоннель осындай жол азабын жеңілдету үшін салынып жатыр. Тау ортасы болған соң күрделі инжернерлік-техникалық шешімдерді қажет еткен жағдайлар болды. Жерасты сулары шығып кетті. Төбесі опырылып құлады. Құрылысшылар сондай қауіп-қатерге карамай, тоннель құрылысын жалғастыруда. Бұл Қазақстандағы теңдессіз әрі жалғыз жерасты автожолы болмақ",- дейді сала мамандары.