Қызылорда облысында мектептер мен балабақшаларда жалған дипломмен жұмыс жасау деректері анықталды. Бұл келеңсіздктер прокуратураның тексеруі барысында белгілі болды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Тексеру барысында Байқоңырдағы 2 мектепте – 3, Қазалыда 3 мектепте – 4, Қармақшыда 1 мектепте – 2 қызметкердің жалған дипломмен жұмыс істегені белгілі болды.
«Сондай-ақ Сырдария ауданының балабақшаларында жалған дипломмен 11 тәрбиешінің жұмыс жасау дерегі тіркелді. Материалдар тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция органдарына жіберілді. Одан бөлек, Қызылорда қаласындағы мектептерде 50-ден астам мұғалім заңсыз конкурссыз қабылданған. Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы құзыреттілігі жоқ болса да мамандарды тікелей мектепке мұғалім ретінде тағайындаған», - деп мәлім етті облыстық прокуратурадан.
Ведомство мәліметінше, тексеру нәтижесімен 56 қадағалау акті енгізіліп, 1100 (353 тәртіптік, 747 әкімшілік) адам түрлі жауаптылыққа тартылды. Оның ішінде Қызылорда қалалық білім бөлімінің бұрынғы басшысы қызметінен босатылған.