Семей қаласында офицер букмекерлік кеңседегі қарызын өтеу үшін әскери бөлімнің мүлкін ломбардқа кепілге қойған.
Семей гарнизоны әскери сотында өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттің мүлкін жымқырды деп айыпталған әскери бөлім офицеріне қатысты қылмыстық іс қаралды.
О. есімді капитан штабтың топографиялық қызметінің бастығы ретінде өзінің қызметтік мансабын асыра пайдаланған. Букмекерлік кеңседе ұтылып қалуы салдарынан жеке қарызы өскен оның әскери бөлімге тиесілі топографиялық құралдарды ломбардқа кепілге өткізгені анықталды. Осылайша мемлекетке 2 млн теңгеден астам шығын келтірілген.
— Сот әскери қызметкерді кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол капитан әскери атағынан айырылды, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар сотталушыдан материалдық шығын мен мемлекеттік баж өндірілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.