Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

Абай облысында ұлын әскерге жіберген әйелге айыппұл салынды

Семей қаласының №2 сотында лауазымды адамға пара берген әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Paryz.kz. 

Абай облысында ұлын әскерге жіберген әйелге айыппұл салынды
фото: el.kz

Сотта анықталғандай, айыпталушы 2024 жылдың наурызында мобильді қосымша арқылы Абай облысының қорғаныс істері департаментінің қызметкеріне ұлын Аягөзге әскери қызметке жібергені үшін алғыс ретінде 10 мың теңге көлемінде пара жіберген. Әйел тағылған айыпты толық мойындап, іс бойынша жиналған дәлелдемелерді дауламай, соттан айыппұл өндіруді сұрады.

Семей қаласының №2 сотының үкімімен азаматша Т. ҚР ҚК-нің 367-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 15 еселенген сомасы мөлшерінде 150 мың теңге көлемінде айыппұл жазасы тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.