01.07.2024, 15:54

«Шыңғырады деген ұл...»: Белгілі журналист Димаш Құдайберген туралы айтты

Фото: esquire.kz

Отандық журналист Дина Төлепберген әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергенге қатысты ойын айтты. Ол әлем сахнасын бағындырып жүрген өнер иесі туралы Instagram желісінде жазды, - деп хабарлайды Paryz.kz. 

Журналист Димаш Құдайбергеннің белгілі бір іс-шарада қазақ тілінің мәселесін көтерген видеосын жүктеді.

"Әлемде бейбітшілік болу керек. Отанға деген құрмет болу қажет. Тілге деген құрмет болу керек. Ана тілің –арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте", - дейді Димаш видеода.

Осы ретте Дина Төлепберген "тіл тағдыры – ел тағдыры" екенін еске салды. Ол өнер иесіне қатысты пікір білдіруді де ұмытқан жоқ.

"Әлемдік мега жұлдыз Димаш Құдайберген күні кеше толғандырып, тебірентер сөзімен жүректі қозғады. Мен Димашты 2011 жылдары “Саз әлемі" бағдарламасынан білемін. Кезінде мен де сарапшылар тізімінде болған едім. Алайда "шыңғырғандардан қорқамын" дегендер болып еді. Шыңғырады деген ұл қазір шыңға шығып, шын талант екенін әлемге мойындатты. Расында да қазақтың маңдайына біткен марқасқа. Ата-әженің тәрбиесімен сусындап, өнерді өң бойынан сіңірген өнерпаз. Алға Димаш!" - деп жазды Дина Төлепберген.