Мәжіліс депутаты Айдос Сарым VIII сайланған парламенттің екінші сессиясындағы жұмыстарды қорытындылай отырып, депутаттар мәжіліске келетін шенеуніктер кейде қатты ұялып кететінін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Оның айтуынша, үкіметтің кейбір мүшелері үшін парламент қазір «қатты терлеп, ұялып» шығатын орынға айналған.
«Біз «мықты парламент» дегенге келе жатырмыз. Егер іс-шаралар күнтізбесіне қарасақ, қазір парламентте күніне 8-9 шара өтеді. Мен білетін біраз шенеунік, үкіметтің біраз мүшесі мен вице-министрлер үшін парламентке келу бұрынғыдай той емес. Оларды терлетіп, ұялтып жібереміз», - дейді Айдос Сарым.
Депутат сондай-ақ екі тараптың бір байламға келуінде жиналыстың сағат нешеде өтетіні маңызды рөл атқарады дейді.
«Менің ойымша, сағат 17.00 кезіне қойылған отырыс нәтижелі болады. Тамақ ішкісі келіп, асыққан адаммен келісімге келу оңай», - дейді Айдос Сарым.