Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова қауіпті инфекциядан биылдыққа екінші бала көз жұмғанын мәлімдеді. Қайғылы оқиға Ұлытау өңірінде болған.
«Биыл көкжөтелден екі бала көз жұмды, біреуі – Қарағанды облысында, ал екіншісі – Ұлытауда. Олардың екеуі де екпе салатын жасқа жетпеген», – деді Айжан Есмағамбетова.
Дәрігерлер көкжөтелдің өте қауіпті инфекция екенін алға тартып отыр. Ауырған 10 адамның төртеуі жан тапсыруы мүмкін.
Қазіргі уақытта елімізде әр ай сайын 350-ден 400-ге дейін адам көкжөтелді жұқтырып жатқан көрінеді. Науқастардың 90%-ға жуығы екпе алмаған.
Денсаулық сақтау министрлігі халықты екпеден бас тартпауға шақырады. Елдің бас дәрігері көкжөтелге қарсы француз вакцинасы тиімді екенін еске салды.