Атырау қаласының №2 сотында Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат Ибрагимовке қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Paryz.kz.
Сотта анықталғандай, 2023 жылғы 31 мамырда Атырау қаласындағы пәтерінде сотталушы мен оның әйелі арасында жанжал болған.
Экс-әкім жәбірленушінің өзіне материалдық тәуелділігін пайдаланып, осының негізінде жанжал шығарып, әйелінің оң иығынан ұстап, есікті жауып, бөлмеге кіргізген. Ешкімнің кедергі жасамайтынына көз жеткізіп, денсаулығына қасақана зиян келтіру мақсатында оны еденге құлатқан және сол жақ санынан бірнеше рет тепкілеген. Соның салдарынан жәбірленушінің 5-ші омыртқасы сынып, орташа ауырлықта зақым алған, – делінген іс материалдарында.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және басқа да айғақтармен дәлелденді.
Сотпен жаза түрін таңдау кезінде Ринат Ибрагимовтің бұрын соттылығы жоқтығы, мінезі оң сипатталғаны ескерілді. Сот үкімімен оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ жәбірленушінің 20 млн теңге моральдық шығын өндіру туралы азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, экс-әкім бұрынғы әйелінің пайдасына 2 млн теңге моральдық зиянды өтейтін болды.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.