Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Тапанша ұстап қоқаңдаған төлебилік жігіттер қолға түсті (ВИДЕО)

Түркістан облысының ПД қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде Instagram қолданушыларының бірінің парақшасында жарияланған видеоға назар аударды...

Түркістан облысының тәртіп сақшылары тапанша ұстап, желіге видео жариялаған жігіттерді анықтады, деп хабарлады paryz.kz, polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Түркістан облысының ПД қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде Instagram қолданушыларының бірінің парақшасында жарияланған видеоға назар аударды. Онда жас жігіт қолына екі бірдей тапаншаны ұстап, боғауыз сөздерді айтқан. Сондай-ақ видео сыртында басқа да азаматтардың дауыстары естіледі.

Төлеби аудандық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері видеоны түсірген жігіттердің Төлеби ауданына қарасты Леңгір қаласының жергілікті тұрғындары екенін анықтады. Олар ойыншық тапаншаны ұстап, видеоны "ВАЗ 21014" маркалы көлігінің артқы жағында тұрып түсірген. Содан соң желідегі жеке парақшасына жариялаған.

"Құрметті Төлеби ауданының тұрғындары, 2021 жылы ақпан айында Instagram желісінде таралған бейнежазба бойынша кешірім сұраймын. Ондағы тапанша - қару емес, ойыншық. Біз бұл бейнежазбаны қылмысқа шақыру мен насихаттау мақсатында емес, достардың арасында әзіл үшін түсірген болатынбыз", - деп ақталды үш жігіт.

Полиция қызметкерлері оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алдағы уақытта мұндай жағдай кезекті рет қайталанбасы үшін уәделерін алды. Сондай-ақ жергілікті тұрғынның парақшасындағы бұл видео өшірілді.