Таиландтан пошта арқылы есірткіге тапсырыс берген 4 адам ұсталды, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Аса ірі мөлшерде есірткі заттары салынған қораптар Таиландтан пошта арқылы жіберілген. Қаржылық мониторинг агенттігі «Әуежай-Астана» кеден бекеті мен DHL курьерлік компаниясының қызметкерлерімен бірлесіп, қылмысты анықтады. Қызметтік-іздестіру итінің көмегімен DHL уақытша сақтау қоймасын тексеру кезінде кедендік бақылау аймағында халықаралық пошта жөнелтімдерінен 3 қорап табылды, олардың ішінде жалпы салмағы 3,5 кг каннабис сығындысы (гашиш майы) бар», - деп хабарлады ҚМА.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында төрт күдікті анықталды, олардың тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізілді. Салмағы 787 гр марихуана және есірткі заттарын өлшеп-орау үшін қажетті басқа да заттар табылып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 4 күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.