Әлемде активтерді қайтару үшін қолданысқа енгізілген жаңа модельдің бірі Қазақстанда да жүзеге асырылмақ.
Бұл жайында Jibek Joly телеарнасының «Қайтарылуы тиіс» деректі фильмінде Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков айтты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз алынған активтерді елге қайтару қажеттігі жайында 2022 жылдың ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан болатын. Бұл бастаманың мақсаты – бизнес ортада дұрыс бәсекені және елдегі жалпы экономикалық ахуалды күшейту.
2023 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысы «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды.
Фильмде Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков бүгінде жұмыстың қарқынды жүргізіліп жатқанын айтады. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Сөз 1,5 трлн теңге сомасына қайтарылған активтер жайында болып отыр. Сонымен қатар ол Активтерді қайтару комитеті түсініксіз байлыққа қатысты алғашқы талаптың және сот шешімінің шығарылғанын атап өтеді.
«Әлемде активтерді қайтарудың бірнеше моделі бар. Соңғысы және жаңаларының бірі түсініксіз байлыққа талап деп аталады. Бұл мемлекеттің белгілі бір тұлғаның қандай да бір мүлікті заңды иеленуіне қатысты ақылға қонымды наразылығына байланысты. Ал субъект оны заңды түрде алғанын дәлелдеуі тиіс. Егер ол оны дәлелдей алмаса, онда бұл мүлікке сот шешімімен түсініксіз байлық мәртебесі беріледі және мемлекет кірісіне қайтарылады. Міне осындай талап негізінде сот шешімі күшіне енген Қазақстанда бірінші жағдай бар. Соған орай таяу уақытта мемлекет кірісіне шамамен 11 000 000 доллар қайтарылады. Мұнан бөлек, шамамен 1 млн долларға мүлік, оның ішінде бренд заттар бар», - деді ол.
ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың атап өтуінше, бұл еліміз үшін теңдессіз тәжірбие саналады. Аталған тәжірибе беделді халықаралық ұйымдар мен серіктес елдер тарапынан да қолдау тауып отыр.