Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қайырымдылыққа деген ақша: 70 мың қазақстандық алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін

2024 жылғы наурызда Қазақстанда қайырылымдылыққа 6 миллиард теңге жиналған. Оның 2 миллиард теңгесін алаяқтар алған болуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Динара Наумова айтты, деп хабарлады Paryz.kz.

Қайырымдылыққа деген ақша: 70 мың қазақстандық алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін
Фото: paryz.kz

Динара Наумова депутаттық сауалын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдады.

Депутаттың айтуынша, қазір елімізде көптеген қайырымдылық қоры мен волонтерлік ұйымдар жұмыс істейді. Бірақ олардың беделіне жеке пайдасын ғана ойлайтын алаяқтар нұқсан келтіріп отыр.

Қаржы мониторингі агенттігінің биыл наурыздағы мәліметінше, елімізде 138 банк картасы түрлі мақсаттағы күмәнді алымдарға тартылған. 70 мыңнан аса қазақстандық өз ақшасын жалған көмекке жіберген. Қайырымдылық мақсатта жиналған сома – 6 млрд теңге. Оның 2 млрд теңгесінде алаятық белгілері бар. Қаскүнемдер жиналған қаражатты әртүрлі мүлікті сатып алуға, тұрмыстық қажеттілікке, букмекерлік кеңселердегі ставкаға, шетелдегі пәтерлерді жалға алуға және басқа мақсатқа пайдаланған. Бұл тек ресми деректер. Әлі анықталмаған алаяқтық фактілер нақты саны айтарлықтай көп болуы мүмкін, - деді Динара Наумова.

Депутат әртүрлі платформада қаржылай көмек сұрайтын адамдардың саны көбейіп келе жатқанын жеткізді.

«Бүгінде жағдайды теріс пиғылда пайдаланатын алаяқтардың қызметіне қатысты алаңдаушылық туындайды. Бұл адамдар өзгелердің аяушылық сезімін оятып, қаржылай көмек жолдауы үшін қолынан келгенше түрлі амал-тәсілді қолданады.

Қайырымдылық қаражаты жиналатын қораптарды тексеру мүмкіндігінің болмауы ақшаның пайдаланылуын бақылауды қиындататынын да ескеру маңызды. Бұл мақсатты емес шығындарға әкелуі мүмкін және ақшаның мұқтаж жандарға жетуін қиындатады.

Қоғамда қайырымдылық қызметке деген оң көзқарас қалыптасып келе жатқанымен, бірыңғай реттеуші органның, сондай-ақ ашықтық пен есептілік мәдениетінің болмауы сияқты күрделі проблема туындады. Қайырымдылық жасаушылар мен көмек алушылардың қызметі туралы бақылауды жүзеге асыруға және сенімді ақпарат алуға болатын бірыңғай платформаның болмауы күмән тудырады және тиімді бақылау мүмкіндігін қиындатады», - деді ол,

Динара Наумова Мәдениет және ақпарат министрлігіне төмендегі бірқатар ұсынысын жолдады:

  • Қайырымдылық саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіру үшін заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде қажет жұмыстарды жүргізу;
  • Қайырымдылық ұйымдарының қызметін үйлестіретін, реттеудің бірыңғай стандарттарын белгілейтін және қайырымдылық қаражатын пайдаланудың ашықтығына кепілдік беретін бірыңғай реттеуші орган құру;
  • Қайырымдылық ұйымдары мен олардың қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігі мен дұрыстығын қамтамасыз ететін, сондай-ақ осы саладағы жосықсыз практикаға тиімді қарсы тұруға ықпал ететін бірыңғай онлайн-платформа құру.