Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Депутат Еділ Жаңбыршин тәңіршілдерді адасушыларға теңеді

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «тәңіршілдікті ресми дін деп мойындасын» деген петицияға қатысты пікірін білдірді. Ол дінді саяси құралға айналдыруға қарсы екенін және дін әр адамның жеке таңдауы екенін алға тартып отыр. Депутат «дін дегеніміз – бейбітшілікке, мейірімділікке бастайтын ғылым» деп анықтама берді, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Депутат Еділ Жаңбыршин тәңіршілдерді адасушыларға теңеді
Фото: Istockphoto

«Тәңіршілдік деген дін емес. Біздің ата-бабамыздың ұстаған діні – ислам. Сондықтан бұлар адасушылар болуы мүмкін. Дұрыстап оқысын, зерттесін. Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Шәкәрім, Абайлар адаспаған шығар деп ойлаймын», - деді ол.

Жаңбыршин мұндай бастамаларды құқық қорғау органдары қарауына алуы керек деп санайды.

«Бізде мойындалған негізгі діннің бағыттары бар. Сондықтан мемлекет оны қарайды деп есептеймін. Қоғамда әдейі арандатушылық туғызып жүрген топтар болуы мүмкін. Оның артында да біреулер тұруы мүмкін. Кім біледі, сырттан да осындай әдейі қозғалыстар жасауы мүмкін. Сондықтан тиісті мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары бұл мәселемен айналысуы керек», - деді депутат.

Еске салайық, таяуда өздерін тәңіршіл деп есептейтін адамдардың көбейіп келе жатқанын ескеріп, тәңіршілдікті ресми түрде дін ретінде мойындауды талап еткен петиция жарыққа шыққан болатын.