Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

1 маусымнан бастап елімізде не өзгереді

1 маусымнан бастап азаматтарымызды қандай өзгерістер күтіп тұр? BAQ.KZ тілшісінің шолуына назар аударайық.

1 маусымнан бастап елімізде не өзгереді
фото: ba

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні

Бұл күні балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғау, оларға қамқорлық жасау жан-жақты дәріптеледі.

Балаларға арналған көптеген мәдени іс-шара ұйымдастырылып, жалпыхалықтық деңгейде аталып өтіледі.

Сабақ аяқталып, емтихандар басталады

Қазақстанның үш өңірінде оқушылар аралық және қорытынды емтихандардан босатылды. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі 3,5 мыңнан астам оқушы аралық және қорытынды емтихан тапсырмайды. Олардың қатарында Атырау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарының білім алушылары бар. Олардың қорытынды бағасы жылдық бағалары негізінде шығарылады.

- 9 және 11-сыныптарды бітірушілер үшін қорытынды емтихандар 28 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді.

- Алғаш рет 5-8, 10 сынып оқушылары үшін қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау мақсатында қазақ тілінен аралық емтихандар өтеді.

- Колледж түлектерінің қорытынды аттестаттауы 28 маусымға дейін аяқталады.

Түлектерге аттестаттар тапсыру салтанаты 12-15 маусым аралығына белгіленді.

Қазақстандықтар шетелге жиі ұша алады

- «Uzbekistan Airways» әуе компаниясы биылдың 1 маусымынан бастап жаңа Алматы-Нөкіс әуе бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындай бастайды. Рейстер аптасына екі рет (сәрсенбі және сенбі күндері) 174 орындық «Эйрбас-А320» ұшағында орындалады.

- Air Astana 15 маусымнан бастап Астана мен Сеул арасындағы рейстерді қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Тасымалдаушы аптасына екі рет: сәрсенбі және сенбі күндері рейстер орындайды. Бағытта 166 жолаушыға арналған Airbus-A321LR ұшағы қатынайды. Рейс алты жарым сағатқа созылады. Әуе билетінің құны бір жаққа шамамен 210 мың теңгені құрайды.

- SCAT әуекомпаниясы биыл 8 маусымнан бастап Астана – Батуми бағыты бойынша аптасына 2 рейс жиілігімен әуе қатынасын қайта жаңартуды жоспарлап отыр. Рейстер сейсенбі және бейсенбі күндері «Боинг-737» типті әуе кемелерімен орындалады. Сондай-ақ биыл шілде айынан бастап рейстердің жиілігі аптасына 3 ретке дейін артады деп күтіліп отыр. Яғни жолаушылар сейсенбі және бейсенбімен қоса, сенбі күндері де Астана – Батуми бағыты бойынша жолға шыға алады.

- Air Astana Еуропаға жазғы курорттық бағыттарды жандандырады. Әуе компаниясы Еуропаның көрікті қалалары Ираклионға (Грекия) және Подгорицаға (Черногория) маусымдық жазғы рейстердің қайта басталатыны туралы қуана хабарлайды.

Алматыдан Крит аралында орналасқан Ираклионға рейстер 6 маусымда дүйсенбі, бейсенбі және сенбі күндері аптасына 3 рет жиілікпен басталады. Ұшулар Airbus A321LR авиалайнерінде 6 сағат 30 минут ұшу ұзақтығымен орындалады. Қазақстан азаматтарына Грекияға кіру үшін шенген визасы қажет.

Ираклионнан Афинаға жергілікті тұрақты рейстермен жетуге болады, олар шамамен бір сағатты алады, сондай-ақ пароммен танымал Санторини аралдарына дейін жетуге болады. Барлық алыммен екі жаққа билеттің ең төменгі құны эконом-класта 307 959 теңге.

Алматыдан Черногорияның астанасы Подгорицаға рейстер 8 маусымнан бастап және сейсенбі, жұма және сенбі күндері қатынайды, ал Астанадан Подгорицаға рейстер 9 маусымнан бастап дүйсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері жүзеге асырылады.

Электр энергиясына кім аз төлейді?

"Астанаэнергосбыт" ЖШС ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы бойынша департаментіне заңды тұлғалар үшін электр энергиясына тарифті 1 кВт/сағатына 38,35 теңгеден 31,45 теңгеге дейін яғни 18%-ға төмендету туралы хабарлама берді. Комитет мәліметінше, төмендетілген тариф 2024 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.

Сонымен қатар «Севказэнергосбыт» ЖШС ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне заңды тұлғалар үшін электр энергиясына баға (ҚҚС-сыз) 1 кВт/сағатына 27,87 теңгеден 25,88 теңгеге дейін яғни 7,1%-ға төмендету туралы хабарлама берді. Төмендетілген баға 2024 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.

Алматыда жол жөнделеді

1 маусымнан бастап жыл соңына дейін Алматыда 310 мың шаршы метр асфальтбетон жабыны бар жолдарды жөндеу жоспарланған. Талдау көрсеткендей, Алматыда шұңқырларды жөндеудің шамамен 90%-ы 5 жылдан астам орташа жөндеу жүргізілмеген жолдарға, сондай-ақ инженерлік желілерді салу және жөндеу жүргізілген учаскелерге тиесілі.

Үржарға рейс ашылады

QAZAQ AIR 1 маусымнан бастап Алматы мен Астанадан Үржарға әуе рейстерін ашады.

Туристік бағыттар мынадай болады:

Астана – Үржар – Астана және Алматы – Үржар – Алматы.

Рейстер аптасына 4 рет жиілікпен жаңа генерацияланған de-Havilland Dash 8-Q400 канадалық әуе кемесінде орындалады.

Құрбан айт

Маусымда қазақстандықтар Құрбан айт мейрамын тойлайды.

Құрбан айт мейрамы 17 маусымда дүйсенбіге келіп тұрғандықтан, бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 15,16 және 17 маусым демалады.

Әнші балалар фестивалі

1 маусымда «Әншуақ» балалар әндері фестивалінің жеңімпаздары белгілі болады. Биыл елімізде алғаш рет Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Әншуақ» балалар әндерінің фестивалі өтіп жатыр. Осы жылдың 1 ақпанынан бастап #ӘНШУАҚ хэштегімен 13 мыңнан астам бейне жарияланым және 12 миллионға жуық қаралым жиналды. Фестивальдің мақсаты - өскелең ұрпақты дәстүрлі тарихи, рухани, мәдени құндылықтар негізінде адамгершілік пен азаматтылыққа тәрбиелеу.

Вейп сатуға тыйым салынады

2024 жылғы 20 маусымда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне жаңа бап күшіне енеді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-1-бабында темекі шекпейтін темекі өнімдерінің, электронды тұтыну жүйелерінің (вейптер), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтардың айналымына тыйым салу белгіленген.

Қандай жазалар бар?

Сатқаны және таратқаны үшін – 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейін қамауға алу.

әкелгені және өндіргені үшін – 2 000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2024 жылы 1 АЕК 3 692 теңге.