Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Түркістандағы кесенеге қауіп төніп тұр

Кесенедегі үлкен күмбездің жағдайы күрделі. Арнайы ғылыми–зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар осындай шешімге келіп отыр. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей қорығының директоры Мәулен Садықбеков айтты.

Түркістандағы кесенеге қауіп төніп тұр
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Қазіргі таңда тарихи нысанға кешенді ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

тайқазан

Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Бұл бағытта 100-ден астам құрылғы орнатылған. Олар ауа райының, топырақтың, ылғалдың, жерасты суының, экологиялық жағдайдың әсерін анықтауда. 

Тіпті, бүкіл сараптаманың қорытындысын 3D форматқа түсіріп береді.

«Қазақстан тарихында, кесене тарихында тұңғыш рет ғылыми зерттеу жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс 13-14 бағытты қамтыды. 600 жылдан бері тұрған тарихи нысанның қай жерінде ақау бар екенін анықтап, жалпы „диагнозын“ қойып жатыр. Бұл — өте үлкен ауқымды жұмыс. Тіпті, реставрация саласында жүрген азаматтардың жеңісі деп білемін» — деді Мәулен Садықбеков. 

жарықшақ

Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Жалпы, ғылыми зерттеу жұмыстары үш жылға арналған.

Оған отандық ғалымдармен қатар Иран, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Түркия елінің ғалымдары да атсалысуда. Олар өткен жылдың қорытындысы бойынша кесенеге төніп тұрған біршама күрделі жағдайды анықтаған. 

«Ғылыми зерттеу жұмыстарының бір жылдық қорытындысы бойынша сәуір айында семинар өтті. Сонда ғалымдар мен сала мамандары тарапынан көптеген ұсыныстар айтылды. Қазіргі таңда ең үлкен мәселе — үлкен күмбездің күрделі жағдайы болып тұр. Мәселен, ауытқу, жарықшақтар, ұстап тұрған ағаштардың шіруі секілді мәселелер бар. Ең қауіпті аймақ сол. Сондықтан бірінші кезекте атқаратын жұмыс тікелей күмбезге байланысты болуы қажет. Екіншіден, іште тұзданған, суланған жерлер анықталды. Бұған көгалдандыруға құйылатын судың әсері басым болып тұр. Жерасты суынан қауіп жоқ. Мұны ғалымдар анықтап, айтып жатыр. Қазір жақын орналасқан жасыл желекті жылжыту туралы ұсыныс болды, құпталды. Енді жүзеге асады» — деді Мәулен Жарылқасынұлы.

Қазір кесенеде ешқандай жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Тек кейбір бөлмелер ғылыми зерттеу жұмыстардың жүргізілуіне байланысты жабылған. Яғни, төбеге шығатын құрылғылар орнатылғандықтан онда кіріп шығу мүмкін емес.

«Ең бірінші кезекте кесененің жағдайын ойлауымыз керек. Қоғамда „көгал жақсы еді ғой“ деген пікір бар. Адамға жайлылық жағынан қарасақ ол дұрыс. Бірақ жайлылық іздесек саябаққа барайық. Ал, ең басты мәселені кесенеге бұруымыз қажет. Әлемде мұндай ескерткіш жоқ. Дәл осы кесенедегі күмбез еш жерде сақталмаған. Бұл — өз заманынан бүгінге дейін құламай келе жатқан түпнұсқадағы жалғыз ескерткіш. Осының маңызын түсінуіміз керек» — деді ол. 

кесене

Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Сондай-ақ, Мәулен Садықбеков ЮНЕСКО-ның кесене аумағындағы табиғи ландшафтың бұзылуына қарсы пікірде екендігін айтты. Яғни, «өз заманындағы кейіпте тұру керек» деген ұстанымда.

«Кез келген нәрсені жасамай тұрып кесенеге қауіп төндіріп тұрмыз ба, жоқ па — сол жағын ойлауымыз керек. Халық та сол мамандардың пікіріне тоқтауы тиіс. Өз бетінше топшылап, болжаммен кез келген мәселеге баға бере алмайды. Мамандардың зерттеуінен кейін ғана ақиқатына жете аламыз» — деді Мәулен Садықбеков.