Қазақ тілін қарапайым деңгейде білмейтін шетелдіктерге Қазақстан азаматтығы берілмейді. Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев мұндай норма неге қабылданғанын түсіндірді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Оның айтуынша, Азаматтық туралы заңда азаматтықтан бас тартудың негіздері нақтыланған. Енді мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, сондай-ақ еліміздің тарихы мен Конституция негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейді. Мемлекеттік тілді қай деңгейде білу қажеттігін ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайды.
«Түзетулер азаматтардың қоғамға тез бейімделуіне бағытталған. Яғни тілді білу шетелдіктердің өздеріне керек. Қоғамға тезірек сіңіп, мемлекеттің өміріне араласу үшін бұл қажет. Айта кетері, бұл түзетулер толықтай әлемдік тәжірибеге сай. Көптеген елде азаматтық алу үшін мемлекеттің тарихы мен мемлекеттік тілден емтихан тапсырады», - Әлекешев.
Осы орайда ІІМ ресми өкілі әлем елдерінің тәжірибесін мысалға келтірді. Мысалы Германияда азаматтық алу үшін үміткерлерге неміс тілін білуге, мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға жоғары талаптар қойылған. Ал Канадада тарихты және жергілікті тұрғындардың міндеттерін білу қажет, сонымен қатар провинцияға байланысты ағылшын немесе француз тілдерін меңгергенін растау үшін тест тапсырады. Түркияда азаматтық алу кезінде жалпыға ортақ негізде түрік тілін міндетті түрде білу қажет.
«Сондықтан осы тәжірибеге сәйкес бұл түзетулер енгізіліп отыр», - деді ол.
Бұдан бөлек, Әлекешевтің айтуынша, қос азаматтықты болдырмау үшін Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырудың жаңа негіздері енгізілген.
Яғни, Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің паспорттарын пайдаланған жағдайда Қазақстанның азаматтығы тоқтатылады. Бұған дейін Қазақстан азаматтығы шет мемлекеттің азаматтығын алғаны үшін ғана тоқтайтын.