Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

Депутат мектеп бағдарламасына тағы бір пән енгізуді ұсынды

Сенат депутаты Евгений Больгерт премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында мектеп бағдарламасына «Қаржылық сауаттылық» пәнін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Депутат мектеп бағдарламасына тағы бір пән енгізуді ұсынды
Фото: kopis.edu.kz

Оның айтуынша, елімізде интернет алаяқтығы – қылмыстың ең көп таралған түрлерінің бірі және жалпы қылмыс деңгейінің 15%-ын құрайды. Соңғы жеті жылда Қазақстанда интернет алаяқтығы фактілері он есеге өсті. Былтыр азаматтарға осы қылмыстан келген шығын мөлшері 21 миллиард теңгеден асқан.

«Алаяқтар азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмендігін пайдаланып жатыр. Біз қазір себебімен емес, салдарымен күресіп келеміз. Халықтың жартысына жуығы қаржы туралы ақпаратты әлеуметтік желіден алады, ал 13 пайызы бұл тақырыпқа мүлде қызықпайды. Ал дамыған елдерде қаржылық сауаттылық пәні мектеп бағдарламасына еніп қойған», - дейді Больгерт.

Сенатордың айтуынша, ең кең тараған интернет алаяқтығы түрлеріне тауарлар мен қызмет туралы жалған хабарландыруды әдейі онлайн орналастыру, банктер мен құқық қорғау органдары қызметкерінің атынан қоңырау шалу арқылы азаматтардың шотынан ақша ұрлау жатады.

«Кейінгі кезде баршаға белгілі WhatsApp және Telegram мессенджері арқылы алаяқтық жиілеп барады. Алаяқтар түрлі технологияларды қолдана отырып, алдау арқылы азаматтардың смартфондарын қашықтан игереді және олардан жалған хабарлама, ақша аударымы, қайырымдылық төлемдерін ұйымдастырады. Deepfake сияқты технология бүгінде кез-келген адамның дауысы мен сыртқы келбетін қолдан оңай жасауға мүмкіндік беріп отыр», - деді ол.

Цифрлық даму министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстанда дербес деректерге қол жеткізе алатын бір жарым миллионнан астам оператор бар. Дербес деректердің үнемі таралып кетуі жеке ақпараттың сақталуына жауапкершілік деңгейін күшейту қажеттігін көрсетеді.

Осыған байланысты Евгений Больгерт дербес деректерді жинау, өңдеу, сақтау және қорғау талаптарының сақталуына бақылауды қатаңдату, сондай-ақ операторлардың осы ақпараттың сақталуын қамтамасыз етудегі жауапкершілігін арттыру жөнінде ұсыныс енгізді.

Сондай-ақ сенатор қаржылық сауаттылыққа азаматтарды мектеп жасынан бастап оқыту қажет деп есептейді.

«Жаңа қауіп-қатерді ескере отырып, халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру жөнінде кешенді бағдарламалық құжат әзірлеу, оның ішінде шетелдік практикаға сүйеніп, мектеп бағдарламасына «қаржылық сауаттылық» пәнін әзірлеп, енгізу керек», - деген ұсыныс тастады Больгерт.