10.05.2024, 11:54

Алматы полициясы күшейтілген режимге көшті

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Алматы полициясы қаладағы тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдады. 10-20 мамыр аралығында тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істейді. 

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасына Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, полиция қызметтері мен бөлімше мамандары жұмылдырылды.

«Полиция мен әскери қызметкерлер көшелерді, аулаларды, алаңдарды, саяжайларды және басқа да қоғамдық орындарды аралайды. Полиция, сонымен қатар көші-қон заңнамасын, соның ішінде құрылыс және сауда салаларында құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында тексерулер жүргізіп жатыр. Сондай-ақ азаматтық қару иелері мен полицияның профилактикалық есебінде тұрған адамдар тексеріледі», - деп атап өтті департаменттен.

Бұдан бөлек, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды, қылмыскерлерді іздестіру, бөтеннің мүлкін ұрлаумен, пәтер тонаумен, ұрлықпен айналысатын қылмыстық топтарды әшкерелеу бойынша полиция департаментінің жедел бөлімшелерінің жұмысы күшейтілді. 

«Құқықтық тәртіп» іс-шарасы – бұл қылмыстық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге бағытталған ауқымды шара», - деп хабарлады ведомстводан.