Сотта 2022 жылғы тамыздан 2023 жылғы қыркүйекке дейінгі кезеңде Павлодар қаласы әкімдігінің және Павлодар ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері - А.Г., М.А., Б.А., Ж.А., А.А. қызметтік бабын пайдалана отырып, мүгедектердің жеке көмекшілерінің жұмысы үшін заңсыз ақы төлеу арқылы бюджеттен 89 миллионнан астам теңгені жымқырғаны анықталды.
Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттамалық және заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ сараптамалық қорытындылармен дәлелденді.
Сотталушылар кінәларын толық мойындады және залалды өтеді.
«Сот қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесін айтарлықтай төмендететін, жоғарыда аталған жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, кінәлі тұлғаларға ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігі негізінде әртүрлі мерзімге 3 жыл 6 айдан бастап 5 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны тағайындады», - делінген Павлодар қаласы № 2 сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сотталғандарға жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау, мәжбүрлі еңбекке тарту және міндеттер белгіленеді.
Сондай-ақ сотталғандар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.