02.05.2024, 16:20

Депутат елге тасқыннан кейін қандай қауіп төніп тұрғанын айтты

фото: kazbusiness.kz

Су тасқынынан кейін қоқысты жинамасақ, топалаң (аса жұқпалы ауру) таруы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай айтты, деп хабарлады paryz.kz. 

Депутаттық сауал gремьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.

Биылғы су тасқынының беті қатты болды. Оны көз көрді. Мен тазалық мәселесін де көтергім келеді. Себебі елге тасқынмен бірге енді топалаң келеді. Өйткені қарғын судан қорғану үшін мыңдаған қап пен пакеттен бөгет тұрғыздық. Полиэтилен кленкаларды пайдаландық. Енді су кеткен соң осы кенеп қаптарды түгін қалдырмай, түгел жинап алмасақ, экологиялық апатқа тап боламыз. Оның үстіне сай-саладан келген су қаншама күл-қоқыс, қалдық, аң-құс пен малдың өлекселерін ағызып әкетті. Осы жемтіктерді залалсыздандырмасақ, жаңағы мен айтып отырған топалаң құрsғыр түрлі дерт пен ауруды таратуы мүмкін, - деді Мақсат Толықбай.

Оның айтуынша, бүгінде «Таза Қазақстан» тазалық айлығы өтіп жатыр. Қоғамдық орындар мен қоршаған ортада тазалық сақтау, жасыл желекті күтіп-баптау – тек арнайы қызметтердің ғана емес, әрбір қазақстандықтың міндеті. 

Тазалыққа жауапты мекемелердің жұмысынан бөлек, тұрғындар көрінген жерге қоқыс тастап, көшелер мен аулаларды ластап кете беретін болса, нәтиже болмайды. Мына Алматының іргесінде Алтын Орда деген базар бар. Барсаңыз6 енді күл-қоқыс, шаң-тозаң, құрт-құмырысқадан көзі жылтырайды. Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматы осы ма деп кейде еріксіз кейисің, - деді депутат.

Осы орайда Мақсат Толықбай кейбір тұрғындардың экологиялың мәдениетінің әлі төмен екенін де жеткізді.

«Терезені ашып, темекіні лақтыра саламыз, түкіре саламыз, стадион, кинотеатрға барсақ та ішкен жегеніміз сол жерде қалады. Көкке шықсақ та сол. Ұлттық парктердің бәрі қоқыс. Одан қалса, үйдегі қоқысты сасытып, подъезге шығара салатын надандар бар. Сол үшін сананы өзгертуіміз керек. Тазалықты кәдімгі құндылық, тіпті, тәртіп ретінде дәріптеуіміз керек», - деді ол.

Осыған байланысты депутат Үкіметке мынадай ұсыныс білдірді:

Үкімет қоғамда тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға арналған кешенді бағдарлама әзірлеп, іске асыруы керек. Жергілікті атқарушы органдар өздеріне қарасты аумақтарды абаттандыруды тұрақты жүргізіп, жасыл желек егумен ғана шектелмей, оны күтіп-баптау ісіне де көңіл бөлуге тиіс. Оқу-ағарту министрлігі орта мектеп оқушылары арасында «Экологиялық сана» атты ағартушылық сынып сағатын өткізуді жолға қойғаны жөн.