Адыраспан тасымалдаған Қазақстан азаматтары 7 жылға түрмеге қамалуы мүмкін

Көрші елге адыраспан ала барған Қазақстан азаматтары жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Paryz ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Адыраспан тасымалдаған Қазақстан азаматтары 7 жылға түрмеге қамалуы мүмкін
Фото: turkmenportal.com

Министрліктің мәліметінше, биыл ақпан айында Ресей Федерациясында «гармала», яғни жалпақ тілмен айтқанда «адыраспан» өсімдігі тыйым салынған өсімдіктер қатарына енген.

«Оны сол елге апарғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 1 миллион рубльге дейін айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал аса ірі мөлшерде тасымалдағаны үшін 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген», - делінген хабарламада.

Осыған байланысты ІІМ шетелге шығуды жоспарлап жүрген қазақстандықтарға баратын елдің заңын біліп жүруге кеңес берді.

«Шет мемлекеттердің аумағында тыйым салынған өсімдіктер мен дәрілік препараттарға назар аудару қажет», - деп хабарлайды дереккөз.