Қуандық Бишімбаев сотта өзін сабырлы ұстап отыр, сондай-ақ жағдай бақылауынан шыққан кезде эмоцияға беріледі. Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында отбасы мәселелері жөніндегі психолог Ержан Мырзабаев айтты.
Бишімбаевтың әрекетінен байқағаным – басындағы ұстаным мен қазіргі ұстанамы арасындағы өзгеріс. Алғашқы отырыстарды күліп жатқанын байқадым. Аудиторияға «бұл қатты уайымдайтын жағдай емес, біз бір-бірімізді жақсы көретін керемет жұп едік... Арамызда ешқандай мәселе болған жоқ, бір-ақ рет болды, сол осылай аяқталды» дегенді айтқысы келді. Өзін өте сабырлы ұстауы, қылмыстың мән-жайын айтқан кезде өзі істемеген сияқты айтып жатыр. Бұл кісіде «раздвоение личности» болып жатқан жоқ па деп ойладым. Кинодан көргенін айтып беріп жатқандай болды. «Мен осыны істедім» деген бетінде өкіну, қайғыру эмоциясы жоқ. Сол жағдайды айтқан кезде бір тамшы жас шыққан жоқ, - дейді психолог Ержан Мырзабаев.
Айтуынша, бұл – емін-еркін түрде сондай әрекетті істей алатын адамның бір белгісі.
«Айыптау тарапынан қойылған сұрақтар мен куәгерлер берген жауаптар өзіне қарсы болған кезде ашуланғанын байқаймыз. Яғни, эмоция көрсетеді. Бұл – абъюзердің бір белгісі. Жағдай бақылаудан шыға бастаған кезде олар ашуланады», - дейді психолог.
Сондай-ақ психолог сот барысында Бишімбаев жасаған кейбір мәлімдемелерге қатысты ойын айтты.
Өзін сыйлайтын ер азамат ешқашан әйеліне алған сыйлықтарын міндетсінбейді. Оны бетке басып айтпайды. Сот отырысында бұл ақпараттың ешқандай қатысы жоқ. Өйткені қаншалықты қымбат киім алсаң, соншалықты күшті әкесің деген түсінік жоқ. Қазақстанның бір бөлігі қымбат киім, бренд киім кие алмайды. Оларға «жаман әке», «жаман күйеу», «қамқорлық көрсетпейтін жаман адам» деп қарамаймыз. Киім бар, жейтін тамақ бар. Әрі қарай екі адам арасындағы адами қарым-қатынас маңызды: сыйластық, тыңдау, жанашырлық, мейірім, мәміле, - дейді Ержан Мырзабаев.
Психолог әке мен күйеудің қамқорлығы материалдық дүниемен өлшенбейтінін айтты.