Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Қазақстан Әлем төлқұжаттары индексінде 66-орында тұр – Президент

Қазақстан Республикасының паспорты Әлем төлқұжаттары индексінде 66-орында тұр. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының онлайн форматта өтіп жатқан отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Paryz 

Қазақстан Әлем төлқұжаттары индексінде 66-орында тұр – Президент
Фото: Azattyq Rýhy

Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан азаматтығынан бас тартқан адамдардың саны да айтарлықтай азайған.

«Қазір Қазақстан Әлем төлқұжаттары индексінде 66-орында тұр. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Бұдан бөлек, соңғы жылдары Қазақстан азаматтығынан бас тартқан адамдардың саны айтарлықтай азайды. Осының бәрі еліміздің тұрақты дамып келе жатқанын, біздің елге қызығушылықтың арта түскенін және мемлекетіміздің халықаралық беделі жоғары екенін көрсетеді», - деді Тоқаев өз сөзінде.

Оның айтуынша, көк түсті төлқұжат «еліміздің жалпыұлттық бірегейлігінің ең қарапайым әрі түсінікті белгісі».

«Мен аспан түстес төлқұжатымыз еліміздің жалпыұлттық бірегейлігінің ең қарапайым әрі түсінікті белгісі екенін үнемі айтып жүрмін. Көк паспорты бар әрбір адам ұлтына, көзқарасы мен наным-сеніміне қарамастан, Қазақстан азаматының барлық құқығын иеленеді. Қазақстан Республикасының кез келген азаматы әлемнің қай түкпірінде жүрсе де біздің мемлекетіміздің қорғауында болады. Біз ешқашан өз азаматтарымызды тағдыр тәлкегінде қалдырмаймыз», - деді президент.

Тоқаев сондай-ақ 2020 жылғы коронавирус пандемиясы кезінде, сондай-ақ 2021 жылы Ауғанстандағы, 2023 жылы Газа секторындағы ахуал күрт шиеленіскен кезде Қазақстан өз азаматтарын дереу елге жеткізгенін еске салды.