Тәжікстаннан елімізге тағы гуманитарлық көмек келді

Тәжікстан Республикасынан елімізге тағы гуманитарлық көмек жеткізілді, деп хабарлады Ақтөбе облысының әкімдігі.

Тәжікстаннан елімізге тағы гуманитарлық көмек келді
Фото: gov.kz

Ақтөбе облысына 9 вагонға тиелген құрылыс материалдары жетті. Оның ішінде 240 тонна цемент, 70 тонна ағаш, 60 тонна шеге және шифер бар.

Бұған дейін Тәжікстан Үкіметінен 50 вагон гуманитарлық көмек келген болатын. Ол 9 облысқа таратылып, әр өңірге 2,5 мың тоннадан аса қажетті зат берілді.

Сол кезде Тәжікстан Республикасының Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасы Рустам Назарзода:

Қазақстандағы қиын жағдай біздің де жанымызға батты. Бейжай қарап отыра алмадық. Біздің елімізде күрделі мәселе туындаса, ең көп көмек жолдайтын ел – Қазақстан. Сондықтан Тәжікстан Республикасы президентінің шешімімен осы гуманитарлық керуенді жеткізіп отырмыз. Біз стратегиялық серіктес елдер ретінде бір-бірімізді қолдап тұруымыз керек, – деді.

Қазір Тәжікстаннан екінші рет келген жүкті қабылдап, үйлестіру жұмыстарына әскерилер қолғабыс етіп жатыр.

Су тасқыны жағдайына қатысты соңғы мәліметке қарағанда, қазір 8 566 адам, оның ішінде 3 718 бала эвакуация орталығын паналап отыр.

Еліміз бойынша 31 мыңнан аса адам, нақтырақ айтқанда 31 112 адам үйіне оралған.

5 677 үй мен 2 584 аула аумағынан су сорылып, 11,7 млн астам текше метр қар суы шығарылды. 5,5 млн қапшық пен 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді.