Бүгін сот отырысында Қуандық Бишімбаев, марқұм Салтанат Нүкенова мен психолог Юлия Герасимова арасындағы хаттар оқылды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Қуандық Бишімбаевтың телефонын зерттеп жатқан судья Айжан Құлбаева ресейлік психолог Юлия Герасимовамен болған чатты ашып, ондағы хаттарды оқыды. Бишімбаев пен Нүкенова психологтың сеанстарына онлайн қатысып жүргені белгілі болды.
Психологтың жазғанын оқыған Айжан Құлбаева арасында күлкісін де жасыра алмады. Өйткені, ол ерлі-зайыптыларға ақыл-кеңес айтып, арасында өзінің жарнамасын да ұсынған.
Құлбаеваның оқыған хаттары арасында Бишімбаевтың Салтанатқа қойған талаптары мен Салтанаттың Бишімбаевқа қойған талабы бар.
«Бишімбаев Салтанатқа:
аптасына бес күн кешкі ас дайындасын;
Салтанат сол кешкі аста қасында отырсын;
Салтанат жүріс-тұрысын айтып отырсын;
өзін сабырлы күйде ұстасын деген талап қойған.
Ал, Салтанат Қуандық Бишімбаевтан «мені сынауын азайтып, мені кінәламай, эмоционалды түрде қысым жасамасын» деген талабын айтқан», - деді хаттарды оқыған Құлбаева.