Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

«Астанада 200 отбасы үйін ала алмай отыр»: Премьер заңсыз салынған үйлер жайлы айтты

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов құжаты дұрыс емес тұрғын үйлермен күресу жұмыстарын күшейту бойынша бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Paryz.kz. 

«Астанада 200 отбасы үйін ала алмай отыр»: Премьер заңсыз салынған үйлер жайлы айтты
Фото: primeminister.kz

«Бірқатар өңірлерде нормативтік талаптардың бұзылуына байланысты проблемалық объектілер жылдар бойы аяқталмай келеді. Олардың қатарына тағы да құрылыс нысандары қосылуы мүмкін.Бүгін елімізде 39 өте проблемалық объект бар. Мысалы, Ақтөбе облысында 11 объекті бойынша алданған үлескерлер 2 жылдан бері соттасып келеді. Астанадағы «Араби-2 – Гранитный-2» тұрғын үй кешені 10 жыл бұрын проблемалық нысан деп танылған. 200-ге жуық отбасы үйлерін ала алмай отыр», - деді ол.

Премьер-министр құжаттары дұрыс емес көптеген объектілердің құрылыс жұмыстары созылып кетуі мүмкін екенін айтады.

«Елордада G-Park компаниясы рұқсат құжаттарын алмастан 7 тұрғын үй құрылысын жүргізген. Ал оған 3,5 мыңға жуық отбасы өз қаражатын салған. Атырау облысында мұндай объектілер саны – 39. Жалпы елімізде Өнеркәсіп министрлігінің деректері бойынша, заңсыз салынып жатқан 340-тан астам тұрғын үй кешені бар. Бұл – бірінші кезекте, әкімдер жіберген кемшіліктердің салдары.Өнеркәсіп министрлігі өңірлермен бірлесіп, 1-ші маусымға дейінгі мерзімде салынып жатқан барлық объектілерге құрылыс жұмыстарының заңдылығы мен құжаттарына ревизия жүргізуі қажет», - деді ол.

Олжас Бектенов оның қорытындысы бойынша бір айдың ішінде осыған дейін қабылданған проблемалық объектілерді аяқтау жөніндегі жол картасын өзектендіру керегін жеткізді.

«Ең бастысы барлық үйді мерзімінде тапсыру үшін қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ өңірлердің көпшілігінде инженерлік желілерді жүргізуге бөлінген қаражат тиімді игерілмей отырғанын атап өткім келеді. Өткен жылы Алматы облысының әкімдігі аталған мақсаттарға бөлінген қаражаттың тек 53%-ын игерген. Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 87%-ды құрайды. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін әкімдіктер елді-мекендердің перспективалық дамуына талдау жүргізуі қажет. Барлық ұйымдастыру жұмыстарын пысықтап, оның ішінде қажетті құжаттаманы дайындау, қаржыландыру және қаражатты игеру мәселелерін шешу маңызды», - деді ол.  

Премьер былтыр Алматыда, соның ішінде, таулы жерлерде, су объектілерінің бойында және ерекше қорғалатын аумақтарда құрылыс салуға қатысты 150-ден астам заң бұзу фактісі анықталғанын атап өтті.

«Құрылыс жұмыстарына, әсіресе сейсмикалық аймақтарда бақылауды күшейту мәселесі бірнеше рет талқыланды.Тиісті талаптар заңнамаға енгізіліп жатыр. Оларды қатаң сақтау керек. Жалпы, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғын үй мен инфрақұрылымды іске қосудың осы жылға арналған жоспарлы көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуі тиіс», - деді ол.