Полицияға Ақтөбе қаласының бірнеше тұрғыны More life қорының өкілдеріне қатысты арызданды. Жәбірленушілердің айтуынша, қор директоры емделуге қаражат жинауға көмек көрсетемін деген сылтаумен ақшаны заңсыз иемденген.
Қылмыстық іс бойынша 6 жәбірленушінің шағымы басшылыққа алынды. Азаматтардан жиналған қаржы 30 млн теңгеден асқан. Бір жағдайда, 2023 жылы қор мен емделуге мұқтаж баланың ата-анасы арасында келісім жасалған. Қажетті қаржыны жинағаннан кейін қор ата-ананы баласымен бірге емдеуге Беларусь Республикасының Минск қаласына ақшасыз жіберген. Әртүрлі сылтаумен ақша аударымын жасамаған. Салдарынан бала тиісті ем қабылдамаған, ал ата-анасы бөтен елде көмексіз қалған.
Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу әрекеттерін жүргізу үшін халықаралық тапсырмалар жолданды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция департаменті аталған қордың әрекетінен зардап шеккендердің барлығынан дереу полицияға хабарласуды сұрайды.