Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

СҚО-да шенеуніктер ауыл мектебін фотошоппен "жөндеп" қойған

Ел Үкіметі 2025 жылға дейін 800 жаңа мектеп салатын болады. Оның 200-і биыл тұрғызылмақ. Ендеше мектептерге қатысты талай "халтура" жасалуы ғажап емес.

СҚО-да шенеуніктер ауыл мектебін фотошоппен "жөндеп" қойған
фото: дереккөз

Таяуда Солтүстік Қазақстан облысы күрделі жөндеу көрмеген ескі ауыл мектебінің сыртқы кейпін іс жүзінде емес, суретте көркейтумен аты шыққаны белгілі. Облыс орталығы Петропавлдан 400 шақырымдай жерде орналасқан ауыл – Шөптікөл орта мектебінің ғимараты фотошопта абаттандырылып, тіпті жаңа терезелер мен шатыры салынған. Бұл виртуалды жөндеу әлеуметтік желіні пайдаланушылардың күлкісін тудырды.

Фотосурет білім ордасының сайтында орналастырылған. Кейбір сарапшы "мектептің реконструкциясына бөлінген ақша нысаналы мақсатына жұмсалмай, талан-тараж болған шығар, ал шенеуніктер жауырды жаба тоқып, фотошопталған фотосурет арқылы есеп бере салған болар" деген болжам жасады. Журналист Кирилл Павлов бұл суретті ұлттық телекоммуникациялық алпауыт – "Қазақтелекомның" адамдары таратқан дейді.

"Алдымен онда СҚО-ның Шөптікөл ауылындағы мектепке интернет желісі тартылғаны туралы мақала пайда болды, дәл осы жаңалыққа графикалық редакторда өңделген әлгі фотосурет қоса берілді. Фото өте дөрекі жасалған: өмірде жоқ аппақ пластик терезелерін баттитып салып қойыпты. Шатырын тіпті метал-черепицадан жасап тастаған. Шынында оның шатыры қарапайым, жайпақ. "Қазақтелеком" АҚ мұндай далбаса, абсурдты не мақсатпен жариялағаны белгісіз. Бәлкім, мектептің ұсқынсыз кейпі компанияның жақсы жаңалығына көлеңке түсіріп, беделін бүлдіреді деп ойлады ма?! Сонымен бірге, бұл фото тағы бір жайтқа назар аудартады: 2020 жылы дәл осы мектептің шатырына ағымдағы жөндеу жүргізілген болатын. Оған 8 млн 165,7 мың теңге жұмсалды. Сол үшін «Сайдалин М.К.» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт бекітілген", - дейді К. Павлов.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың түсіндіруінше, мектеп пен "Қазақтелеком" сайттарында орналастырылған фотосурет жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде жасалыпты: ол ғимараттың "жөндеуге дейінгі" және "жөндеуден кейінгі" жай-күйін паш етуге тиіс эскиздік жоба болыпты.

"Аталған фотоматериал Шөптікөл орта мектебінің ресми сайтында бұрыннан тұрған. Содан таяуда "Қазақтелеком" АҚ-ның бұқарамен байланыс қызметі талшықты-оптикалық байланыс желісі жобасының жүзеге асырылуына орай Солтүстік Қазақстан облысы Шөптікөл ауылының орта мектебіндегі оң өзгерістер туралы материал басады. Соны дайындау барысында "Қазақтелеком" әлгі фотоны көшіріп алып, өз сайтында жариялаған. Қазіргі кезде сайттағы мектеп ғимаратының өзгертілген суреті алып тасталып, шынайы фотосына ауыстырылды", – деді өңір басшысы.

Оның мәліметінше, СҚО-ның Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Эльмира Қарабаеваның бұйрығымен, Шөптікөл орта мектебінің директоры Р. Жаманбаева және білім бөлімінің бас маманы С. Есімова "мектептердің сайттарын толтыру және жаңарту бойынша жұмысты нашар бақылағаны үшін" тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Құмар Iргебайұлы мектептің шатырын жөндеуге былтыр расында қомақты қаражат шығындалғанын айтты.

"2020 жылы қатты дауыл болып, мектептің шатырын ішінара қиратып кеткен болатын. Осыған байланысты аудандық бюджеттен 8 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Ол қаражатқа жеңіл, жұмсақ шатыр төселді. Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімі жариялаған ағымдағы жөндеу жүргізу бойынша конкурс қорытындысында "ИП Сайдалин М.К." жеңімпаз болып танылды. Жұмыс келісімшартқа сәйкес орындалды", - деді СҚО әкімі.

Мамандардың айтуынша, жұмсақ шатыр (мягкая кровля) берік, икемді, жеңіл рулондық немесе жайпақ профильді материалдардан жасалады. Олар негізінен шыныхолсттан, табиғи целлюлоза талшығынан, модификацияланған битумнан, тас ұнтағы секілді минералды толтырғыштардан және шайыр-смоладан әзірленеді. Нәтижесінде, көп қабатты "пирог" пайда болады. Мұндай шатырлар шірімейді, жылуды жақсы сақтайды. Бірақ бір кемшілігі бар: суретте әдемі көрінбейді. Фотошопта метал-черепицалы шатыр салып жүргені де содан болса керек.

"2020 жылы осы мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Ол 156,6 миллион теңге тұрады. Оның аясында алда Шөптікөл орта мектебінің терезе блоктары ауыстырылады, сондай-ақ жаңа шатыры орнатылады", - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Ел Үкіметі 2025 жылға дейін 800 жаңа мектеп салатын болады. Оның 200-і биыл тұрғызылмақ. Ендеше мектептерге қатысты талай "халтура" жасалуы ғажап емес.

Жанат АРДАҚ