Есет батыр атындағы олимпиадалық резервтегі Ақтөбе облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі тәрбиеленушісінің өліміне қатысты спортшының туыстары мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Paryz.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Белгісіз жағдайда қайтыс болған 13 жастағы жасөспірімнің туыстары әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасап, спортшының өлімі ұрып-соғу салдарынан болғанын жария етті.
Желіде өзін марқұм спортшының ағасымын деп таныстырған азамат: «Менің інім Бексұлтан Әбубәкірді орта мектеп оқушылары ұрып өлтірді. 11 сәуірде кешкі уақытта өзінен үлкендер бөлменің жиналмағаны үшін жазаламақ болған. Төбелес кезінде Бексұлтанды алдымен тоғызыншы сынып оқушылары ұрып-соққан. Содан кейін оныншы сынып оқушысынан бетке екі соққы, ал кеудеге бірнеше соққы болды. Қатты соққыдан ол еденге құлап, есінен танып қалды. Бексұлтан ұрып-соғудан қайтыс болды», - дейді.
Полиция сотқа дейінгі тергеу аясында күдіктінің ұсталғанын растады.
«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады Ақтөбе облысының полиция департаменті.
Оқиға туралы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы да түсініктеме берді.
«Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Түнгі тәрбиешінің ол уақытта қайда болғанына қатысты сұрақтар әлі де бар, өйткені балаларды бақылау мен қорғауды қамтамасыз ету оның тікелей міндеті болды. Полиция қызметкерлері дәл сол сәтте тәрбиешінің қайда болғанын анықтайды», - деді Ақтөбе облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров.
Естеріңізге сала кетейік, 11 сәуірде Есет батыр атындағы Ақтөбе мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде қайғылы оқиға болды. Сегізінші сынып оқушысы есінен танып, кейін жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Спорт мектебі басшылығының хабарлауынша, жігітке бапкері алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалуға тырысқан, қолынан келмеген соң 103 бригадасын шақырған.
Полиция денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.