Қазіргі уақытта еліміздегі су қоймаларындағы жағдай мынадай: Қостанай облысында су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Су қоймаларына су ағынының төмендегені байқалады. Ал, екі ірі су қоймасының орташа толуы 92%. Бүгінгі таңда су қоймаларында 489 миллион текше метр су жиналды. Бұл су ауылшаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланылады. Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100%-ға толды. Сергеев су қоймасы бойынша су тасқынының белсенді кезеңі әлі өткен жоқ, тұрақты күрделі жағдай сақталады. Қазсушар мамандары ағынды реттеу бойынша тәулік бойы жұмыс жүргізіп жатыр. Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 68%-ға толды. Жайық өзенінде су тасқынының екінші толқыны күтілуде. Шығыс Қазақстан облысында үш ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 84,6%. Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларына судың ағыны жанама салалар есебінен артып келеді. Осы аптада су тасқыны күтілуде. Ақмола облысының екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 99%, екі нысан да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі жалғасуда, сағат сайын мониторинг жүргізіледі. Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасы 98%-ға толы. Аймақта су тасқыны аяқталып, жағдай тұрақталды. Су тасқыны кезінде су қоймаларына 218 миллион текше метрден астам су жиналды. Алдағы уақытта жиналған су ауылшаруашылық қажеттіліктері үшін пайдаланылады. Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы 100% толды, облыста су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Су тасқыны кезінде су қоймаларына 192 миллион текше метрден астам су жиналды. Бұл су ауылшаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланылады. Барлық нысандарда тәулік бойы кезекшілік жалғасады, сондай-ақ су айдындарындағы ахуалға сағат сайын мониторинг жүргізілетінін атап өтемін. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Батыс Қазақстан облысында жүр. Министр су қоймаларында тасқын суларды қауіпсіз өткізу және еріген қар суын жинау жұмыстарын қадағалайды.