Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Су тасқыны болуы мүмкін өңірлер аталды

Су ресурстары және ирригация министрлігі тасқын суын жинау және оны өткізу үшін гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуді жалғастыруда. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Абдуалиева мәлімдеді.

Су тасқыны болуы мүмкін өңірлер аталды
фото: ТЖМ

Қазіргі уақытта еліміздегі су қоймаларындағы жағдай мынадай:

Қостанай облысында су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Су қоймаларына су ағынының төмендегені байқалады. Ал, екі ірі су қоймасының орташа толуы 92%. Бүгінгі таңда су қоймаларында 489 миллион текше метр су жиналды. Бұл су ауылшаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланылады.

Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100%-ға толды. Сергеев су қоймасы бойынша су тасқынының белсенді кезеңі әлі өткен жоқ, тұрақты күрделі жағдай сақталады. Қазсушар мамандары ағынды реттеу бойынша тәулік бойы жұмыс жүргізіп жатыр.

Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 68%-ға толды. Жайық өзенінде су тасқынының екінші толқыны күтілуде.

Шығыс Қазақстан облысында үш ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 84,6%. Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларына судың ағыны жанама салалар есебінен артып келеді. Осы аптада су тасқыны күтілуде.

Ақмола облысының екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 99%, екі нысан да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі жалғасуда, сағат сайын мониторинг жүргізіледі.

Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасы 98%-ға толы. Аймақта су тасқыны аяқталып, жағдай тұрақталды. Су тасқыны кезінде су қоймаларына 218 миллион текше метрден астам су жиналды. Алдағы уақытта жиналған су ауылшаруашылық қажеттіліктері үшін пайдаланылады.

Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы 100% толды, облыста су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Су тасқыны кезінде су қоймаларына 192 миллион текше метрден астам су жиналды. Бұл су ауылшаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланылады.

Барлық нысандарда тәулік бойы кезекшілік жалғасады, сондай-ақ су айдындарындағы ахуалға сағат сайын мониторинг жүргізілетінін атап өтемін.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Батыс Қазақстан облысында жүр. Министр су қоймаларында тасқын суларды қауіпсіз өткізу және еріген қар суын жинау жұмыстарын қадағалайды.