Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

«Нан таппай қалдық»: су басқан Құлсарының тұрғыны оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Сел басқан Құлсарыға қазір жан бітіп келеді. Бұл туралы қала тұрғыны Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

«Нан таппай қалдық»: су басқан Құлсарының тұрғыны оқиғаның қалай болғанын айтып берді
© Sputnik / Антон Пережогин

Құлсарыны қақ жарып өтетін Құрсай өзенінде наурыздың ортасынан бастап су көтеріле бастаған.

"1 сәуірде жаңа тоқсан басталып, балалар сабаққа кеткен, екінші күні түсте оқушыларды үйлеріне қайтарып, Құлсары қаласындағы барлық мектеп сабақты онлайнға ауыстырды. 2 сәуірден бастап судың деңгейі қатты көтеріле бастады", - деп еске алды Құлсары қаласының тұрғыны Лиза Бектілеуова.

Халық Маңғыстау жаққа босып кетті

Қаланы қақ бөліп өтетін Құрсай өзені 2-3-4 сәуір деңгейінен тіпті көтеріле берген, тұрғындар дереу бөгет сала бастаған.

"5 сәуір күні үйдегі ер азаматтар, ұлдарым, көрші ер адамдар шығып, төгіп тастаған топырақтарды дереу қаптап, бөгет жасай бастады. Қадір түні күні су тасып, шеттегі Жадырасын, Вахтовый поселок деген ауылдарды баса бастады. Содан сел күшейе берді, қаланың шетіне кірді. Біз қаланың орталығында мешіттің жанында корпус үйде тұрамыз. Жағдай өте қиын болды, қала әп-сәтте аласапыран, азан-қазан болды да кетті. Әкім орынбасары Құлсары тұрғындарына толық көшу керектігін айтты. Дәл Қадір түні күні Құлсарының жолы көлік кептелісінен қозғалмай қалды. Бір ғана бағыт Маңғыстау жақ болды. Атырауға баратын жолды су шайып кетті. Жан сауғалап босқан халықта ес қалмаған", - дейді Лиза.

Туыстардың үйін су басып жатты...

Бұл уақытта Құлсарының маңындағы талай шағын ауданды су басып үлгерген.

"Біз 12 үйлік корпус үйде тұрамыз. Елдің бәрі жан-жаққа қашып кетті. Біз жақын маңда жер үйде тұратын әке-шешемнің үйіне бардық. Біз су нақты басып жатса қозғаламыз деп, құжат, азық-түлік, бір киер киімдерімізді жинап отырдық. Өзімнің үш балам бар, көліктің багын бензинге толтырып, бәрін дайындап қойдық. Әке-шешем 70 жастан асқан кісілер, не болса да ақырына дейін күтейік деп шештік", - дейді тұрғын.

 

Үйін тастап кете алмаған тұрғындар қаладағы жағдайды әлеуметтік желіден көріп отырған.

"Су жақындап келе жатты. Туыстардың үйлерін бірінен соң бірін су басып жатты. Сол күні таңға дейін ұйықтай алмадық. Таңғы 6:30-шамасында су келе жатқан жерлерге жолдасым екеуміз жаяу барып көріп қайттық. Мешіт пен екі ортаны бөліп тұрған асфальт жол бар. Су сол жерге дейін келіп тоқтады. Екі сағат сайын барып көріп тұрдық", - дейді Лиза.

Тасқын су талай дүниені құртып кетті

Дүкен біткеннің бәрі жабылып, азық-түлік сатылмай қалған. Тіпті нан да табылмаған.

"Халық жан-жаққа босып кетті, дүкендерде нан жоқ, бәрі жабылып қалды. Қазір біртіндеп дүкендер ашылуда. Қала ақырындап қалпына келіп жатыр. Негізі Құлсарының іші қирап, жаман болып кетті. Сырттан топырақ әкеп жатыр, төгіп жатыр. Тасқын су талай дүниені құртып кетті, қаншама шығын. Тамаша Құлсарымыздың көркі кетіп қалды. Бірақ біз мықтымыз ғой, селге де төтеп бердік. Қаланы да қалпына келтіреміз! Құлсарыда әлі талай бақытты күндер болады, мен оған сенімдімін!", - дейді көпбалалы ана Лиза Бектілеуова.