Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

«Наурыз» бағдарламасымен кімдердің ипотека ала алатыны белгілі болды

Жаңа «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары жылдық 7 пайызбен несие ала алады. Ал қалған қатысушылар үшін бұл мөлшерлеме 9 пайыз болмақ.

«Наурыз» бағдарламасымен кімдердің ипотека ала алатыны белгілі болды
фото: Halyq Uni

«Отбасы банкі» ипотекалық операторы 7%-ға үміткерлер халықтың әлеуметтік осал топтарына жататындар ғана емес, сонымен қатар тұрғын үй кезегінде тұрған азамат болуы керек екенін түсіндірді.

  • «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы 1 мамырдан бастап іске қосылады;
  • Өтініш берушінің соңғы 5 жыл ішінде баспанасы болмауы керек;
  • Оған мыналар қатыса алады: жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, «Отбасы банкінің» салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтарының, ауылдық елді мекендердің тұрғындары;
  • Халықтың әлеуметтік осал топтары 7 пайызбен, қалғандары 9 пайызбен несие алады;
  • Ең бастысы, «Отбасы банкінде» депозитте 1 миллион теңге болса, жинақтау мерзімі маңызды емес.

«Отбасы банкінің» хабарлауынша, халықтың әлеуметтік осал топтарының тізімі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68-бабында көрсетілген.

Олар:

  • ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагерлері:

1-1) жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

1-2) басқа мемлекеттердің аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлері;

  • I және II топтағы мүгедектер;
  • мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен аурулардың тiзбесiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
  • жасы бойынша зейнеткерлер;
  • кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған 29 жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Мұндай адамдар әскери қызметке шақырылған кезде жасы міндетті әскери қызмет өткеру мерзіміне ұзартылады;
  • қандастар;
  • экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан баспанасынан айырылған адамдар;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар, көпбалалы отбасылар;
  • мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi, әскери қызметтi орындау кезiнде, ғарыш кеңiстiгiне ұшуға дайындық немесе ұшуды орындау кезiнде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқықтық тәртiптi қамтамасыз ету кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
  • толық емес отбасылар.

Бұл бағдарлама арқылы Астана, Алматы, Шымкент және облыстық маңызы бар қалалардан сіз тек бастапқы тұрғын үйді, соның ішінде салынып жатқан тұрғын үйді (Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігімен) сатып ала аласыз. Барлық негізгі нысандарды «Отбасы банкі» сайтының «Баспана базары» бөлімінен көруге болады.

Басқа аймақтарда – ауылдар мен аудан орталықтарында тұрғын үй сегменті әлі де талқыланып жатыр. Бірақ жеке үйлерді қоса алғанда, негізгі және қосалқы тұрғын үйлерді де сатып алуға болатыны белгілі.