Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайы өте күрделі. Аталған аймақтағы қазіргі жағдай туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев мәлімдеді.
«Облыстағы су тасқыны жағдайы өте күрделі, тұрақты мониторинг жүргізілуде. Сергеев су қоймасының толымдылығы таңғы 8:00-де 163% құрады. Есіл өзенінің жағалауында қауіп, кедергі байқалмайды, су қоймасындағы ағын 355 см құрайды, бірақ су тасқыны шегіне жеткен жоқ», - деді Қанат Дүзелбаев ОКҚ-де өткен брифингіде.
Сондай-ақ, әкім орынбасары, 2017 жылы өңірде судың көтерілу көрсеткіші 338 см болғанын еске салды.
«Болжам бойынша судың көтерілуі 4 метрге дейін жетеді. Бұл облыстың 3 ауданы мен Петропавл қаласын су басу қаупін тудырады. Су басу аймағына 845 тұрғын үй мен 5 мың саяжай кіреді. Тасқын су облыс орталығына 7-8 күнде жетеді деп күтілуде. Облыстағы 13 ауданның 8-де жағдай қиын. Қар жамылғысы 38-ден 50%-ға дейінгі деңгейде, 262 елді мекенді су басу қаупі сақталуда», - деп толықтырды Қ. Дүзелбаев.