Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Еуропарламент Қазақстанға санкциялар салуы мүмкін

Еуропарламент Қазақстан Үкіметін осы еркіндікке кепілдік беру үшін бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңға өзгертулер енгізуге шақырды...

Еуропарламент Қазақстанға санкциялар салуы мүмкін
фото: ашық дереккөз

Қазақстанға қарсы санкциялар салынуы мүмкін. Еуропалық парламенттің бұндай мәлімдеме жасауына Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылуы себеп болған, деп хабарлады paryz.kz, azattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап. 

Еуропалық Парламент Уганда, Руанда және Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылуын ескере отырып, үш қаулы қабылдаған. 

Елдегі жағдайды сынға алған Еуропарламент Қазақстанды жауапқа тару үшін Еуропалық одақты санкциялар салуға шақырды. Еуропалық парламенттің резолюциясындағы құжатта Қазақстандағы адам құқықтары бойынша жағдайдың нашарлауы, азаматтық қоғам ұйымдарына қарсы репрессия, сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстар өткізуге мүмкіндіктің шектелгені жазылған. Еуропалық парламенттің пікірінше, Қазақстан билігі оппозициялық көзқарастағы азаматтар мен журналистердің, блогерлердің, тәуелсіз кәсіподақ мүшелерінің, құқық қорғаушылардың ізіне түсуде. Ал оппозиция белсенділері түсініксіз жағдайда қаза тауып жатыр.

"Еуропарламент  Қазақстан Үкіметін саяси астары бар айыптарды алып тастауға және құқық қорғаушыларды, діни ұйымдарды, азаматтық қоғам ұйымдарын, кәсіподақтарды, журналистер мен саяси оппозициялық қозғалыстарды негізсіз ұстауды, жазалау мен қудалауды тоқтатуға шақырады. Адамдар өздерінің саяси, діни және басқа да көзқарастарын еркін білдіре алуы керек.", - делінген резолюцияда. 

Еуропарламент Қазақстан Үкіметін осы еркіндікке кепілдік беру үшін бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңға өзгертулер енгізуге шақырды.

Еуропарламентің  депутаттары, сонымен қатар, ел билігін барлық саяси тұтқындарды тез арада босатуға және оларды толықтай қалпына келтіруге де шақырған. Мәтін 598 қолдаумен, 43 қарсы және 52 қалыс қалумен мақұлданған. Резолюцияда "адам құқығы саласындағы ЕС-тің жаһандық санкциялар режимі жақында бекітілгені" айтылып, бұл режим "ЕО-ға бүкіл әлем бойынша адам құқықтарын бұзушыларды сотқа тартуға мүмкіндік беретіні" және "Қазақстанның жағдайына келгенде де жүйелі түрде әрі кеңінен таралған адам құқықтарын бұзушылыққа қатысы бар жеке немесе заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік бере алатыны" ескертілген.