Бүгін сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова қаза тапқан Салтанат Нүкенованың телефонын қарап жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Айта кетейік, қылмыстық істе Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың телефондары айғақ ретінде тіркелген. Бұған дейін айтылғандай, Қуандық Бишімбаевтың телефоны бұғатталған, өйткені, оның құпия сөзін ешкім білмеген. Ал, Салтанат Нүкенованың ұялы телефонындағы құпия сөзді тергеуге Қуандық Бишімбаев айтып берген.
Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелдінің қорғаушысы Жанна Оразбахова бұл, яғни, Бишімбаевтың құпия сөзді білуі – ол марқұмды үнемі бақылауға ұстағанының дәлелі дейді.
«Сонымен қатар, менің қорғауымдағы Айтбек Амангелді куәгер ретінде жауап бергенде қарындасы оған таяқ жеген сәттегі суреттерін жібергенде үнемі «сақтап қой, мен өшіремін» деп жазып отырған. Яғни, Бишімбаев оны үнемі бақылауда ұстаған», - деді Жанна Оразбахова.
Сотта мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова телефондағы хаттарды, Салтанаттың кіріс-шығыс қоңырауларын, скриншоттарды оқып жатыр. Бишімбаевтың адвокаттары соттан Салтанат Нүкенованың телефонындағы суреттерді үлкен экранға шығарайық, сол арқылы Бишімбаев екеуінің бақытты кездегі суреттерін көрейік деді. Бұған мемлекеттік айыптаушы мен Нүкенованың адвокаттары қарсы болды.
«Егер Бишімбаев әдемі өмірін көрсеткісі келсе, телефонының құпия сөзін жөндетіп, көрсетсін. Бұл телефонда Салтаанттың жеке өмірі бар, сондықтан, қарсымыз», - деді ағасы Айтбек Амангелді.
Оның қорғаушысы Жанна Оразбахованың айтуынша, қылмыс болған күні телефон ұзақ уақыт бойы Бишімбаевтың қолында болған.
«Осыны ескерсек, Бишімбаев телефонға әдемі суреттерін ғана жүктеп, Салтанаттың басқа суреттерін өшіріп тастауы мүмкін», - деді Оразбахова.
Мемлекеттік айыптаушы марқұм Нүкенованың телефонын одан әрі қарап жатыр.