Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр.
Сот отырысы бастала сала, Бишімбаевтың қорғаушылары БАҚ пен әлеуметтік желіде қылмыстық істің материалдары жарияланып жатқанына шағымданып, соттан шара қолдануды сұрады. Бірақ мемлекеттік айыптаушы сот отырысы тікелей эфирде өтіп жатқанын, сондықтан бұл арыз негізсіз екенін айтты. Тіпті, судья қорғаушыларға ескерту жасады. Олар сотты және процеске қатысушыларды адастырды деп танылды.
Тарқата кетсек, Бишімбаевтың қорғаушылары сот ісінен оқиға орнынан кейбір фотосуреттерді көрсету туралы өтініш жасаған болатын. Қорғаушы бұл фотоларды сотқа қатысушылардың барлығына көрсетті. Десе де, зардап шеккен тараптың адвокаты Бишімбаевтың адвокаттары сот процесінде қолданған фотосуреттер 2024 жылдың 28 наурызында түсірілгенін, оқиғаның өзі 2023 жылдың 9 қарашасында болғанына назар аударды.
«Сіз суреттерді қылмыс болған жерді тексеру актісінен алынғанын айтып, сотты және процестің басқа қатысушыларын адастырдыңыз. Іс жүзінде сіз басқа фотосуретті көрсеттіңіз. Сотты адастырғаныңыз үшін сот іс бойынша түпкілікті шешім шығарған кезде тиісті шараларды қабылдайды», - деді судья Айжан Құлбаева.