Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Бишімбаев Салтанат Нүкеновамен алғашқы кездесуі туралы айтты

Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкеновамен қалай танысқаны туралы айтты, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Бишімбаев Салтанат Нүкеновамен алғашқы кездесуі туралы айтты
Фото: видеодан скриншот

Бишімбаев сөзінің басында Салтанаттың туыстары оның өлімінен «пиар компания ұйымдастырды» деді.

«Сіздер айыптау актісін естідіңіздер. Мені ұстағаннан бері Салтанаттың туыстары, ағасы, көкесі оқиғадан белсенді түрде пиар компания ұйымдастырды, фактілерді бұрмалаумен айналысты. Интернетте Салтанаттың «көзі шыққан, басы тесілген, денесінің сау-тамтығы қалмаған» деген сөздерді оқыдық. Бұл нәрселердің ешқайсысы шындыққа жанаспайды», - деді Бишімбаев.

Әрі қарай ол Салтанат Нүкеновамен қалай танысқанын баяндады.

«Мен оны инстаграмда көрдім. Оның тұтынушысы болған қыздардың бірі - Камила,  маған осындай астролог бар екенін айтты. Мен астрология деген не нәрсе екен деп қызықтым. Инстаграмындағы парақшасына кіріп едім, әдемі қызды көрдім. Камила Салтанаттың тұрмыс құрғалы жүрген жігіті бар екенін, бір жарым жыл бойы дос болып жүрген жігіті екенін айтты», - деді айыпталушы.

Оның сөзінше, Бишімбаев Нүкенованың инстаграм парақшасын біраз уақыт бақылап жүрген. Оған қабылдануына жазылуға тырысқан. Бірақ Нүркенованың көмекшісі оның тек әйел адамдарды қабылдайтынын айтқан.

2022 жылы тамыздың аяғында Нүкенова шаңырақ көтерейін деп жүрген жігітімен айырылысып кетеді. Сол кезде Камила Салтанатқа Бишімбаев туралы, оның танысқысы келіп жүргенін айтады.

«Камила мен Салтанат жақсы дос болып кетсе керек, сырласқан, әңгіме айтқан. Сол кезде Камила оған мен туралы айтқан. «Сені сыртыңнан таниды, танысқысы келеді» деген. Салтанат қарсы болмаған. Сүйтіп маған хабарласты. Ол тамыздың 26-27 күндері болатын», - деді сотталушы.

Бишімбаев пен Нүкенова екеуі сөйлеседі. Қуандық оны кездесуге шақырады, екеуі Астанадағы мейрамханада 5 қыркүйекте кездескен.

«Мейрамханада 5 сағаттай сөйлестік, өмір туралы айттық. Оның көңіл-күйі жоқ болатын. Не дегенмен некеге тұрайын деп жүрген адамымен айырылысқан, сол туралы айтып берді, мен тыңдадым. Содан кейін оны үйіне шығарып салдым. Бір мезетте оған қарадым, ол да маған қарап отырған екен. Ішімдіктен бе, әлде симпатия ма білмеймін, ол маған жақындады да, сүйіп алды. Мен қобалжып қалдым. Бұл біздің бірінші кездесуіміз еді», - деді Қуандық Бишімбаев.

Айта кетейік, бүгін Астанада экс-министр Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жалғасын тапты.