Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Елімізде жылына 25 тонна алтын заңсыз өндіріледі – сенатор

Сенат депутаты Андрей Лукин елімізде жылына шамамен 25 тонна алтын заңсыз өндірілетінін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Елімізде жылына 25 тонна алтын заңсыз өндіріледі – сенатор
фото: ehonews.kz

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады. Айтуынша, 2020 жылдан 2023 жылға дейін 7 қылмыстық іс тергеліп, төртеуі сотқа жіберілген. 

Бас прокуратураның мәліметінше, ішкі істер органдары бағалы металдардың заңсыз айналымы мен өндірілуі және ұрлануына байланысты соңғы 4 жылда 133 қылмыстық істі тіркеген. Қазір елімізде алтын өндіретін 42 кәсіпорын бар. Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, 2020-2023 жылдар аралығында алтынның заңсыз айналымы деректері бойынша 7 қылмыстық іс тергеліп, 4 іс сотқа жолданды. Шығын 1,5 млрд теңгеден асты, - деді Андрей Лукин.

Сенатор заңсыз алтын іздеушілер тапқан алтын өнімдерді сатып алумен айналысқан қылмыстық топқа тоқталды.

Оқиға 2023 жылдың қарашасында болған. Онда алтын бұйымдары жерасты цехтарында жасалған. Содан кейін белгілі брендтердің атауымен Астана мен Шымкент сауда үйлерінде сатылған. (Қылмыстық топты) тінту барысында 1 келіден аса алтын мен 100 алтын бұйым тәркіленді, - деді ол.

Депутаттың пікірінше, алтын өндірілетін кен орындарында бақылауды күшейту керек.

«Шамамен заңды түрде өндірілген әрбір 3 тонна алтынға заңсыз өндірілген 1 тонна алтын қатар жүреді. Демек елімізде шамамен 25 тонна алтын заңсыз өндіріледі. Сондықтан алтын кен орындарына бақылауды күшейту керек. Онда қосымша бейнебақылау камераларын орнату, шахта ұңғыларына талшықты-оптикалық желі байланысын салу, кіру алаңына бақылау жүйесін енгізу, тексеру кешенін пайдалану, қоршау орнату, автоматты түрде анықтау құралын енгізу керек», - деді Андрей Лукин.