Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

ЕАЭО туралы шартқа қандай өзгерістер енгізілді

Парламент сенаты "2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңды мақұлдады.

ЕАЭО туралы шартқа қандай өзгерістер енгізілді
Sputnik / Санат Имангалиев

Сенат депутаты Арман Өтеғұловтың айтуынша, 2023 жылғы 25 мамырда Мәскеуде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары хаттамаға қол қойды. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа ұсынылған үшінші кешенді өзгерістер жиынтығы.

"Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа барлығы 32 түзету енгізіледі. Түзетулер техникалық реттеуге, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және карантиндік фитосанитарлық шараларға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, тарифтік емес реттеуге, бәсекелестікке, мемлекеттік сатып алуға қатысты", - деді Өтеғұлов сенаттың жалпы отырысында.

ЕАЭО туралы шартқа енгізілетін негізгі түзетулердің бірі – ЕАЭО Бірыңғай тізбесінде жоқ зиянды организмдерге қатысты шұғыл фитосанитариялық шараларды қабылдау мүмкіндігі.

"Бүгінгі таңда Бірыңғай тізбеге енгізілген қоздырғыштарға қатысты уақытша карантиндік фитосанитариялық шаралар қолданылады. Егер зиянды организмдер Бірыңғай тізбеде болмаса, онда елдер саудаға фитосанитариялық шектеулер енгізе алмайды. Жаңа заңда қоздырғыштарға қатысты шұғыл фитосанитариялық шараларды енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ мұндай шараларды енгізу туралы алдын ала хабарлау міндеттемесі көзделіп отыр", - деп түсіндірді сенатор.

Екінші өзгеріс – ұлттық электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тану нормалары енгізіледі.

Депутаттың айтуынша, бұл электронды форматта өткізілетін сатып алуларға қатысуға қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтады және өндірушілеріміздің экспортқа шығу мүмкіндіктері артады.

Үшінші жаңашылдық – Еуразиялық үкіметаралық кеңеске тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін мүше мемлекеттердің бірлескен іс-қимыл бағдарламасын бекіту құқығы беріледі.

"Бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың ортақ тәсілдерін әзірлеу үшін қажет", - деді Өтеғұлов.

Сонымен қатар тауарларды әкелу және әкету кезінде рұқсат құжаттарын алу процесі жеңілдетіледі.

"Еуразиялық одақ аясында экономикаларымыз ұштасып, тауар айналымы көпжақты сипатқа ие болып отыр. Уақыт өте келе технологиялар дамып, адам ағзасына зияны болуы мүмкін қозғағыштар да түрленіп, халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттерден уақтылы шара қабылдау қажеттілігін талап етеді. Осы мәселерде тәжірибе талдау және алмасу арқылы ортақтаса қабылданған шешімдердің тиімділігі жоғары болады деп сенемін", - деді Өтеғұлов.

Парламент сенаты мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдады.