Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

БҚО-ның тағы бір ауданында үйлер су астында қалды

Батыс Қазақстан облысында Сырым ауданында үйлер су астында қалды, деп хабарлады Paryz.kz. 

БҚО-ның тағы бір ауданында үйлер су астында қалды
фото: ТЖД

БҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, облыс әкімі Нариман Төреғалиев кеше кешкісін су тасқыны болған Сырым ауданына жол тартты.

Сырым ауданына жол тартты
Фото: БҚО әкімдігінен
Сағат 22.30-да өңір басшысы аудан орталығы Жымпиты ауылында болып, үйлері су астында қалған тұрғындарды қауіпсіз орындарға эвакуациялау жұмыстарына жетекшілік етті.

Сағат 22.30 бен 02.00 аралығында Сырым ауданына қарасты 3 ауылдың халқы түгелдей жақын маңдағы қауіпсіз елді мекендерге, туған-туыстарының үйлеріне көшірілді. Құтқарушылар күні-түні жұмыс істеді.

Сағат түнгі 00.00-де облыс әкімі арнайы жылжымалы мобильді көлікте жедел штабтың отырысын өткізіп, төтенше жағдайлар департаментінің басшысынан облыс бойынша жағдайды сұрастырды. 

Өңір басшысы түні бойы Төтенше жағдайлар министрімен байланыста болып, басқа облыстардан қосымша техникалар мен күштердің Батыс Қазақстандағы су тасқынының алдын алуға бағытталуын қамтамасыз етті. 

Жергілікті сағат таңғы 05.00-ге дейін барлық жұмыстың жүргізілуін толықтай қадағалады. 

«Апат айтып келмейді. Тасқын су тұрғындардың үйін түгелімен жайлаған. Апаттың салдарынан электр желілері, ұялы байланыс, интернет мүлдем жұмыс істемей қалған. Осынау қиын кезде тұрғындардың бір-біріне деген қамқорлығы қуантты. Көрші ауылдардағы Сырым ауданы тұрғындары құтқарушылармен қатар азаматтарды көшіруге қолұшын созып жатты. Бұл бірлігіміздің бекем екенін көрсетеді. Нариман Төреғалиев аудан орталығындағы су деңгейінің түскеніне көз жеткізген соң, Қаратөбе ауданындағы апаттық жағдайды бақылауға жол тартты», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.