Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Ресейдегі терактіден сабақ алуымыз керек – Айдос Сарым

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым билікті Мәскеу маңындағы «Крокус Сити Холл» концерт залында болған терактіден сабақ алуға шақырды, деп хабарлады Paryz.kz. 

Ресейдегі терактіден сабақ алуымыз керек – Айдос Сарым
фото: parlam.kz

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.

Өткен аптада Ресей Федерациясы Мәскеу маңында орналасқан Красногорск қаласындағы «Крокус Сити Холл» концерт залында террористік акт болды. Салдарынан жазығы жоқ көптеген бейбіт тұрғын қаза тапты. Парламент Мәжілісінің депутаттары қаза тапқандар мен жараланғандардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейді. Біз, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен тілектеспіз. Президент терроризмге ешқандай ақтау болмайтынын, бейбіт тұрғындарға жасалған қатыгез, қылмыстық зорлық-зомбылық әрекетін айыптайтынын мәлімдеген. Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып Мәскеу облысындағы қатыгез террористік актіні қатаң айыптап, Ресеймен тілектес екенін атап өтті, - деді Айдос Сарым.

Сондай-ақ ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесін өткізгенін де атап өтті.

«Онда құқық қорғау құрылымдары мен жергілікті атқарушы органдардың жұмыс жоспарлары, сондай-ақ олардың төтенше жағдайда қызметін үйлестіру мәселесі қаралды. Президент терроризмге қарсы іс-қимылды күшейту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған нақты тапсырмалар берді», - деді депутат.

Айдос Сарым Қазақстан Мәскеудегі терактіден сабақ алуы керек деген ұстанымда.

Олжас Абайұлы, біз, Қазақстан болған оқиғаны жан-жақты зерделеп, сабақ алуы керек деп санаймыз. Оқиғаларды талдау барысында трагедия құрбандарының үштен бірі тікелей террористік шабуылдан қайтыс болған, ал қалған адам шығыны оқиға орнында болған өрт пен дүрбелеңге, күш құрылымдары мен іс-шараны ұйымдастырушылардың бірлесіп әрекет етпеуінен болды. Орталық және жергілікті атқарушы органдар Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесінде мемлекет басшысы берген тапсырмаларды сөзсіз орындайды деп сенеміз, - деді ол.

Сонымен қатар депутат Үкіметтің мына мәселелерге назар аударуы керектігін ескертті:

  • Біріншіден, салынып жатқан мәдени-бұқаралық және спорт ғимараттарын салу және міндетті түрде мемлекеттік қабылдау мәселесіне мемлекеттік бақылауды күшейтуге назар аударуымыз керек. Мысалы, құрылыста қолданылатын материалдардан бастап, оларды пайдалану барысында азаматтар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне дейін.
  • Екіншіден, қазір еліміз бойынша мәдени-бұқаралық, спорттық іс-шараларды өткізу мен регламенттеу алгоритмдерін қайта қарау, оларды ұйымдастырушылардың құқық қорғау органдарымен және шұғыл көмек көрсету қызметімен өзара іс-қимыл тетіктерін неғұрлым нақты белгілеу қажет. Еліміздегі әрбір концерт залында, спорт ғимаратында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда нақты жоспарлар болуға тиіс. Олардың кәсіби персоналы оқудан, сондай-ақ жұрт көп жиналатын оқиғалар қарсаңында тұрақты нұсқамадан өтуі шарт. Іс-шаралар барысында залдар мен үй-жайлар азаматтар үшін өлім тұзағына айналмауға тиіс. Ұйымдастырушылар керек болса, қосымша персонал жалдауға, кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ адамдарды қауіпсіз шұғыл эвакуациялау қажет болған жағдайда ішкі істер және ТЖ органдарын тартуға тиіс.
  • Үшіншіден, адамдар жиі баратын мәдени-спорттық ғимараттар мен залдарға олардың терроризмге қарсы, өртке қарсы және өзге де қауіпсіздігі, олардың қажет сигналдық және өртке қарсы жабдықтармен қамтамасыз етілуі тұрғысынан аудит жүргізу, олардың жұмыс күйінде болуын тексеру керек.

Еске сала кетсек, биыл 22 наурызда кешке Мәскеу маңындағы «Крокус Сити Холл» концерт залында камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған болатын. Салдарынан ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты.

Ресей тергеу комитетінің мәліметінше, терактіден 139 адам қаза тауып, 180 адам зардап шеккен.