Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

БҚО-да оқушылар ҰБТ тапсыруға трактор тіркемесіне отырып барған

Әлеуметтік желіде бір топ адамның трактор тіркемесінде кетіп бара жатқан видеосы тарады. Видео авторы трейлерде 11-сынып оқушылары отырғанын, оларды ҰБТ-ға тест тапсыру үшін қалаға апара жатқанын айтады, деп хабарлайды Paryz.kz. 

БҚО-да оқушылар ҰБТ тапсыруға трактор тіркемесіне отырып барған

«Мой город» порталының жазуынша, видеоның өзі Бөкейорда ауданы Мұратсай ауылында түсірілген.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі оқиғаның 17 наурызда болғанын хабарлады. Балалар расымен де Оралға ақылы тестілеу тапсыруға барған. 11-сынып оқушыларының ата-аналарының жеке тұлғамен өздері келісіп, мектеп оқушыларын Сайхын-Өнеге-Орал тасжолына жеткізіп салған. Алайда олар бұл туралы жергілікті әкімдікке де, полицияға да ескертпеген. Қазір балалар аман-есен Оралға жетіп үлгерген.

– Қазіргі таңда ауыл әкімдігін, мектеп басшылығын және техника иесін жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Ауыл әкімі, мектеп директоры және учаскелік инспектор түсіндірме хатты жазды, - деп хабарлады БҚО әкімдігі.

Сонымен бірге, ведомство соңғы күндері қар мен жаңбырдың күрт еруіне байланысты жолдардағы жағдайдың қиындап кеткенін баса айтты. Ауылға кіре берістегі 18 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Қазірдің өзінде қаражат бөлінді. Мердігерді анықтау үшін конкурс өткізілуде. Жоба 2024 және 2025 жылдары жүзеге асырылады.