Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

«Алқабилер құрамы іріктеледі»: Бишімбаев соты 27 наурызда басталады

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы 27 наурызда басталады. Соттың алқабилердің қатысуымен өтетіні белгілі. 

«Алқабилер құрамы іріктеледі»: Бишімбаев соты 27 наурызда басталады
Фото: Астана соты баспасөз қызметі

Астана сотының баспасөз қызметі 27 наурызда алқабилер құрамы іріктелетінін хабарлады. Бұл процесс жабық режимде өтеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Заңгер Әйгерім Құсайынқызы Бишімбаевтың алқабилер сотына жүгінуін «ақталуға деген ұмтылыс» деп санайды. Сарапшының айтуынша, қолданыстағы тәжірибеде алқабилер сотында қаралған істердің ақталу ықтималдығы бес есе жоғары

Қазақстан Республикасының 75-бабының 2-тармағына сәйкес заңда көзделген жағдайда қылмыстық процесс алқа билердің қатысуымен өтеді. Яғни, алқабилер сотына жүгіну кез келген Қазақстан азаматының конституциялық құқығы. Бишімбаев мырза конституциялық құқығына сілтеме жасау арқылы аталған іске жариялылық сипат бергісі келген тәрізді. Бірінші күні-ақ ол өзіне тағылған кінәні мойындамағандықтан, «менің кінәсіз екендігімді бүкіл халық көрсін» деп айтқысы келген тәрізді. Сонымен қатар ақталуға деген ұмтылыс деп ойлаймын. Себебі Қазақстандағы алқабилер сотының ақтау көрсеткіші 10 пайыз. Ал жалпы соттарда бұл көрсеткіш 1,5-2 пайыз. Яғни, алқабилер сотында қаралған істің ақталу ықтималдығы 5 есе жоғары деген сөз. Заң оған мүмкіндік беріп отыр, – дейді заңгер.

Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);

110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).

Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);

434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).

Айта кетейік, 2024 жылдың 11-12 наурызында Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті.