«Наурызнама» жоспары аясында «Қазақтың ұлттық ойындары» күніне орай Алматы қаласы Алатау ауданы №152 мектеп-гимназиясында оқушылар арасында жарыс өткізілді. Жалпы спорттық шараға 400-ге жуық оқушы қатысты, деп хабарлады Paryz.kz.
Балалар бірнеше ұлттық спорт түрлерінен бақ сынады. Соның ішінде, қазақша күрес, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, бес асық, бұқа тартыс, теңге алу ойындарынан бәйгеге түсті.
Бұл спорт түрлерінің әрқайсысының өзіндік ерекшелігі мен пайдасы бар. Бірі шыдамдылық, зеректік пен білімділікті шыңдаса, енді бірі күш-жігер, қайраттылық пен жылдамдыққа үйретеді.
Спорттық іс-шараны Алатау ауданының әкімдігі, білім бөлімі және №152 мектеп-гимназиясының әкімшілігі ұйымдастырды. Шараға Алатау ауданы Мәдениет және тілдер дамыту бөлімінің бас инспекторы Алмат Сайлыбаев қатысып, жұртшылықты жыл бастауы – әз-Наурыз мерекесімен құттықтады.
Наурызнаманың 10 күндік жоспарына сәйкес, Алатау ауданында «Қазақтың ұлттық ойындары» күніне орай бірнеше шаралар ұйымдастырылып отыр. Жалпы басты мақсатымыз – жастардың арасында ұлттық спорт түрлерін насихаттау. Жойылып бара жатқан ойындарды қайта жаңғыртып, кеңінен тарату болып отыр. Бүгінгі шараға 400 жуық бүлдіршініміз қатысты. Жеңімпаздар арнайы мадақтама қағаздармен, медальдармен марапатталды, – деді А.Сайлыбаев.