Прямая трансляция

Астана

Астана

6°C

«Су сүзгісін орнатамыз»: Петропавлда әжейдің 100 млн теңгесін ұрлаған жігіттер ұсталды

Петропавлда зейнеткер әйелдің 100 млн теңгесін жымқырған ұрыларды криминалист қорапта қалған аяқ іздері арқылы анықтады, деп хабарлайды Paryz.kz. 

«Су сүзгісін орнатамыз»: Петропавлда әжейдің 100 млн теңгесін ұрлаған жігіттер ұсталды
Фото: Polisia.kz.

Өткен жылдың маусым айында Петропавл қаласындағы пәтерлердің біріне ұрылар қоңырау соққан. Егде жастағы әжей есікті ашқанда, суға арналған «Аквафор» сүзгісі құрылғысын тиімді жеңілдікпен орнатуды ұсынған екі жас жігіт тұрады. Ақкөңіл әжей шақырылмаған қонақтарды үйге еш алаңдамастан кіргізген.

Жас жігіттер уәде еткен жұмысты орындап, еш күдік тудырмаған. Әжей көрші бөлмеден ақша алып шығып, орнатқан құрылғы үшін төлем жасапты. Осы сәтте жігіттердің бірі ақша жасырылған жерді байқап қалған.

«Алаяқтар әжейді алдамақ болып, спектакль қойылымын қойды. Олардың біреуі әжейді сөзге айналдырса, екіншісі көрші бөлмеге өтіп, 100 млн теңге қаражатты жымқырды. «Сүйкімді» жігіттермен қоштасқан әжей ақшаның қолды болғанын да сезбей қалды. Ақшаның ұрланғаны туралы бірнеше күн өткеннен кейін белгілі болды», - делінген Polisia.kz. таратқан хабарламада.

Құрамында Петропавл қаласының ПБ ЖКБ аға криминалисі Ербол Мусин бастаған полиция қызметкерлері оқиға орнына келген бойда қылмыстың мән-жайын нақтылап алған. Ербол пәтерді мұқият қарап шығып, алаяқтар қалдырған сүзгі құрылғысының қорабынан іздерді тапты. Іздер бойынша қылмыскерлердің жеке басы да анықталды.

«Олар Қостанай облысының тумасы болып шықты және біреуінің Петропавл қаласында тұрақты тұратыны белгілі болды. Криминалистің кәсіби іс-қимылы негізінде қылмыс қысқа мерзімде ашылды, қаскөйлер ұсталып, ақшалай қаражаттың бір бөлігі әжейге қайтарылды», - делінген хабарламада.