Астана маңында әскери техника жүреді: Қорғаныс министрлігі тұрғындарға үндеу жасады

ҚР Қорғаныс министрлігі 13 наурызда Астана маңында әскери техниканың жүретіні туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Астана маңында әскери техника жүреді: Қорғаныс министрлігі тұрғындарға үндеу жасады
фото: министрлік

«Қарулы күштердің жауынгерлік дайындық бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылдың 13 наурызында Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері Астана қаласының маңындағы белгіленген аудандарға жауынгерлік техникамен марш жасайды.

Іс-шара гарнизон әскери бөлімшелері күштері мен құралдарының жауынгерлік әзірлігін кешенді тексерудің кезекті кезеңіне бағытталған», - деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, министрлік аталған уақыт аралығында елорданың маңында, сондай-ақ Қарағанды трассасында әскери техника легі өтіп бара жатқан кезде жолдарда көлік құралдары қозғалысының уақытша шектеулері енгізілуі мүмкін екенін хабарлады.

«Осыған байланысты азаматтардан өтіп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауды және тыныштықты сақтауды сұраймыз. Сонымен қатар әлеуметтік желілерді пайдаланушылардан әскери техниканың қозғалысы туралы жалған хабарламалар мен бейнематериалдар таратпауды және тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз», - деп жазылған хабарламада.