Семейде ыстық су құбыры жарылып, бес жұмысшы биіктен секіріп кеткен, деп хабарлады Paryz.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқыс оқиға қаладағы құрылыс материалдарын шығаратын зауытта болған. Бес жұмысшы душта жуынып жатқанда ыстық судың құбыры жарылған екен. Ыстық судан қашқан жұмысшылар есікке жете алмай екінші қабаттағы бөлменің терезесін сындырып секіріп кеткен. Жұмысшылардың барлығы темір-терсек пен шынының үстіне түскен.
Жерге түстік. Цемент, қоқыстың үстіне. Бірінші қабатта жөндеу жасаған. Түгелі шашылып жатты. Шыны да, темір де. Қазір бір аяғым екі жерден сынған. Сіңірлерім үзілген. Бесінші қабырға сынған. Ота жасауға дайындап жатыр, – дейді жарақат алған жұмысшы Дулат Күйіков.
Ауруханаға жеткізілген бес жұмысшының төртеуі ауыр жараланған. Бір науқасты жансақтау бөлімінде жатыр.
Түрлі жарақатпен түсті.Бас жарақаты. Сынықтар. Омыртқасы, өкшесі де, қолы, асықты жілігі сынған. Денесі жарақат алған. Әйнектер тіліп кеткен, – дейді сынық-жарақат бөлімінің дәрігері Дәмір Сыдықов.
Науқастардың құлан-таза айығып кетуіне біраз уақыт керек. Ал олардың жақындары зауыт басшылығы тарапынан өндірістік жарақат алған жұмысшыларға ешқандай көмек көрсетілмегенін айтады.
Директор бізге ешқандай өтемақы төленбейді деді. Тексеріс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Олар қызметкерлерінің ауруханада жатқан күніне ғана ақша төлемек. Қазір жұмысқа жарамайды. Қалпына келу үшін үш жарым ай керек. Ал дәрі-дәрмекті қалтамыздан сатып алып жатырмыз. Үш балам бар. Басшылық жарақат алған қызметкерлерін қолдауға тиіс қой, – дейді жәбірленушінің әйелі Сандуғаш Баймағанбетова.
Мекеме басшылығы жараланған жұмысшыларына заң аясында қолдау болатынын жеткізді. Олар жазылып жұмысқа шыққанша, еңбекке жарамсыздығына байланысты ақы төлеп отырмақ. Оқиғаға қатысты облыстық еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрылып тексеріс басталғанын жеткізді.